Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапасыз орындалғаны үшін мердігерлерді сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, миллиардтаған қаржы алған мердігер ұйымдар уәде етілген мерзімде ісін аяқтамай, сапасыз жұмыс істеп, қала келбетіне нұқсан келтіріп отыр.
"Бірнеше техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл жұмыс емес, бұл - жауапсыздық", - деді әкім.
Әкімнің айтуынша, небәрі бірнеше мердігер ұйымға 38 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.
"Жағдайды сыртқы себептерге сілтеп, кінәні басқаға артуға болмайды. Жұмысты сапалы да уақытылы орындасын, әйтпесе Алматы жобаларынан шеттетеміз. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз", - деді Дархан Сатыбалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 13 көлікке зақым келген көшені тағы да су шайып кетті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова