Семейде темекі өнімдерін ірі көлемде заңсыз айналымға шығарған трансұлттық топтың 3 мүшесіне айыптау үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
ҚМА Абай облысы бойынша департаменті тергеу жүргізді. Тергеу барысында 8 адам, оның ішінде 3 шетел азаматын қамтыған қылмыстық топ әшкереленді. Олар Қырғызстаннан жалған құжаттар арқылы 9,3 млн қорап темекіні заңсыз кіргізген.
Темекі өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында сатылған. Сонымен қатар, қылмыскерлер тауардың бір бөлігін Ресейге шығармақ болған. Барлық заңсыз өнім айналымнан алынды, ал төленбеген акциз сомасы 2,6 млрд теңгеге жеткен.
ҚМА дерегі
Мүлікті тәркілеу мақсатында 9 көлік пен жеке тұрғын үйге тыйым салынған. Сонымен қатар, тергеу барысында сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті алдын ала тәркілеу туралы өтінішті қанағаттандырған: 157 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша және құны 840 мың теңге тұратын 777 VIP нөмір тәркіленді.
Сот үкімі
Сот үкімімен Д.Бекешев, Д.Сатыбалдиев, Д.Сұлтанов ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігі (трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысу), 214-бабының 2-бөлігі 1) және 3) тармақтары (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, олар 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
166 млн теңге көлеміндегі барлық тәркіленген мүлік мемлекет меншігіне алынды.
Қалған 5 қатысушыға халықаралық іздеу жарияланған. Олардың бірі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, оны экстрадициялау туралы өтініш тиісті органдарға жолданған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова