Милана Давыдованың өлімі: Павлодар облысында бірден бірнеше шенеунік жазаланды
Павлодар облысында өз анасының қолынан қаза тапқан жеті жастағы Милана Давыдованың өлімінен кейін бірнеше шенеунік дереу жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavloodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов өткізген балаларға қатысты қылмыстың алдын алу мәселелеріне арналған арнайы жиында белгілі болды. Өңір әкімінің айтуынша, жеті жастағы қыздың өлімінің алдын алуға болар еді.
"Бесқауға ауылындағы жеті жастағы Милана Давыдоваға қатысты жантүршігерлік оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Мұндай жаңалықтарды естігенде жүрегің езіледі. Миға сыймайтын, адамға мүлдем жат қылық. Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Бейбіт уақытта сіз бен біздің кінәмізден, ересектердің кінәсінен балалар қаза болып жатыр, - деді Асайын Байханов.
Жиналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы лауазымды тұлғаларға жаза қолдану туралы шешім қабылдады.
Әлеуметтік саланың жұмысына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрмановаға, Екібастұз әкімі Аян Бейсекинге, облыстық білім беру және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары Самал Айтқазина мен Әлмира Дисюповаға сөгіс жарияланды.
Фото: Валерий Бугаев/pavlodarnews.kz
Сондай-ақ облыс әкімі қала басшысына Екібастұздың лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік шаралар қабылдауды, оның ішінде Қоянды ауылдық округінің әкімі Абай Хакимовтың одан әрі жұмысы туралы мәселені қарауды тапсырды.
"Әрбір осындай жағдай - бізге өңірдің, қаланың, ауылдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді сеніп тапсырған тұрғындарымызға опасыздық жасағанмен тең екендігін көрсетеді. Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келетіні туралы сұраққа жауап беруіміз керек. Тіпті, баланың өліміне әкелген бір оқиға - бұл үлкен қайғылы жағдай, ал, олардың соңғы уақытта жүйелі түрде қайталануы үлкен трагедия. Балалар - қоғамның қорғалмаған бөлшегі, олардың денсаулығын, қауіпсіздігін және үйлесімді дамуын қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз. Мұны еске алатын кез келді", - деді Асайын Байханов.
Еске салайық, 17 қарашада Павлодар облысының Бесқауға ауылында жеті жасар Милана Давыдова жоғалып кетті. Анасының айтуынша, ол қызын іздестіріп таба алмаған соң, полицияға хабарласқан.
Миланы 500-ден аса адам: еріктілер, кинологтар іздестірді. Жүзден аса техника, сондай-ақ "Қазәуеқұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.
Жеті жастағы қызды іздеуге Павлодар облысына басқа қалалардан да еріктілер барған.
Милана Давыдованың мәйіті 19 қарашада табылды. Жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында кәмелетке толмаған қыздың жоғалуының мән-жайы мен себептері анықталды. Күдікті ретінде қыздың анасы мен оның танысы ұсталды.
Бүгін Милана Давыдовамен соңғы сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Жерлеуге қыздың әкесі, жақын туыстары, еріктілер, жергілікті әкімдік өкілдері және Екібастұз тұрғындары қатысты.
Еріктілер жерлеу рәсімінде әйелдің әрекетіне қатысты адам шошырлық жайттарды айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан