Сот 7 жастағы Милана Давыдованың өліміне қатысты үкімді жариялағаннан кейін сотталушы өзін жаралады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодардағы сот залында болған оқиғаны журналистер видеоға түсіріп алды. Үкім жарияланғаннан кейін конвой сотталушыны арнайы қоршаудан алып шықпақ болған кезде, ер адам айғайлай бастаған. Осы кезде сот қызметкерлері баспасөз өкілдерінен сот залын босатуды сұрады. Бірнеше минуттан кейін сотталушының өзін залдан алып шықты.
Сотталушыны сот залынан алып кеткенде, ол шешіммен келіспейтінін айтып, айғайлай бастады. Сол кезде дәлізде тұрған журналистер ер адамның артында қан тамғанын байқаған.
Бірнеше минут өткен соң сот ғимаратына жедел жәрдем дәрігерлерінің бригадасы келді.
"Шақырту сағат 18:35-те түсті, оның себебі - суицид жасау әрекет. Зардап шеккен ер адам 1971 жылы туған. Ол Павлодар қалалық №1 ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді", - деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысты полиция департаментінің баспасөз қызметі де түсінік берді.
"Бүгін сот үкімі шыққан кезде жеті жастағы Милана Давыдованы өлтірді деген айыпталушы сол қолын кесіп тастады. Оны дәрігерлер тексеріп, медициналық көмек керек емес екенін айтты, ауруханаға жатқызуды да қажет етпейді", - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Павлодарда 7 жастағы Милана Давыдованы өлтіргендерге үкім шықты. Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс бойынша қыздың туған анасы мен оның көңілдесі анықталды. Жарыссөзде прокурор бұған дейін бірнеше рет сотталған күдікті ер адамның әрекетінде қауіпті рецидив байқалатынын айтып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал туған қызын өлімге қиған Татьяна Давыдованы 20 жылға соттауды сұрады.
Судья прокурор сұраған жазаны еш өзгертпестен кесті. Соңғы сөзінде де әйел өз кінәсін мойындамады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!