- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Милад Карими: Өзімнің...
Милад Карими: Өзімнің оң жамбасыма келетін снарядтардан құлап қалдым, алда тағы бір финал бар
Қазақстандық гимнаст Милад Карими Париж Олимпиадасындағы алғашқы финалынан соң пікір білдіріп, жарысты қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен негізі көпсайысшы емеспін. Бүгін өзімді қамшылау қиынға түсті, себебі, менің жеңіске жететін мүмкіндігім бір пайыз ғана болды. Қанша жерден тырыссам да, өзімнің шамамды білемін. Шыны керек, менің мүлде мүмкіндігім болмады. Десе де, басы жаман басталған жоқ.
Өзім аса көп ұпай алмайтын снарядтардағы жаттығуым жақсы шықты. Ал өзімнің оң жамбасыма келетін жаттығуларда құлап қалдым, өкінішті. Сол жаттығуларда мен біраз ұпай жинап, алға шығуым керек еді. Соңғы снарядта қолдарым ырқыма бағынбай кетті, комбинацияны әрең аяқтап, кетіп қалдым.
Алда еркін жаттығу финалы бар. Бұл финалға да әрең өттім. Финалға сегіз адам жолдама алады. Әйтеуір, ғажайыптың күшімен өттім. Бұйырса, осы мүмкіндікті пайдаланып, өз жұмысымды сәтті орындаймын деген ойдамын.
Әрине, бәріміз де кермедегі жаттығудан финал болады деп сендік. Бұл менің ең сәтті орындайтын снарядым еді. Өкінішке қарай, финалдан сырт қалдым", - деді Милад.
Жанкүйерлері "қазақстандық краш" деп атап кеткен спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Милад Карим Париж Олимпиадасының финалдық сынын аяқтады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан