Microsoft компагиясы тікелей көрсетілімдердің бейнесі мен дыбысын нақты уақыт режимінде өзгерте алатын жасанды интеллект жүйесіне патент алуға өтінім берді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Сипатталған технология дыбыстық жолды өңдеумен ғана шектелмейді. ЖИ агенттері сөйлеушінің бейнесін, оның ішінде ерін қимылы мен бет әлпетін де сөздің өзгертілген нұсқасына сәйкестендіреді.
Жүйе белгілі бір сөздер мен тіркестерді сүзіп, өшіріп немесе басқа сөздермен алмастыра алады. Ол үшін алдын ала белгіленген параметрлерді немесе пайдаланушы профиліндегі баптауларды қолданады. Өңделген бөлік табиғи көрініп, біркелкі естілуі үшін алгоритм өзгертілген үзіндінің алдындағы және кейінгі бейне мен дыбысты да түзетеді.
Microsoft технологияны тікелей эфирді көрермен таңдаған тілге аудару үшін қолдануға болатынын атап өтті. Сонымен қатар жүйе паразит сөздерді алып тастап, кекештенуді және сөйлеудегі басқа да ерекшеліктерді түзете алады.
Патентте даулы қолданыс түрлері де көрсетілген. Олардың қатарында жергілікті сөздер мен ауызекі тіркестерді, қате айтылған немесе орынсыз қолданылған сөздерді, сондай-ақ қорлайтын және әдепке жатпайтын пікірлерді алып тастау бар. Сипаттамаға сәйкес, жүйе алмастыратын сөздерді интернеттен іздеу арқылы да таңдай алады.
Технологияны дәрістерде, презентацияларда, телевизиялық бағдарламаларда, салтанатты рәсімдерде, ойын-сауық жобаларында және спорттық трансляцияларда пайдалану жоспарланған. Осылайша көрермен аудармамен қатар, өзінің баптауларына сәйкес жеке өңделген көрсетілім нұсқасын көре алады.
Патентте бастапқы бейне мен аудионы түпнұсқа жазба ретінде сақтау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл бастапқы трансляцияны өңделген нұсқадан ажыратуға көмектесуі мүмкін. Дегенмен өзгертілген жазбалар тараған кезде мұндай мүмкіндік ақпараттың шатастырылу қаупін толығымен жоймайды.
О. Сансызбай