"Ми жұмысын жақсартады". Жұмысқа қабілеттілікті арттыратын өнімдер

Кейде жұмыс үстінде өзіңізді өте әлсіз сезініп, бастаған ісіңізді аяқтай алмай отырасыз ба? Бұл рационыңызға өзгерістер енгізу керегін білдіруі мүмкін. Massaget.kz сізге энергия сыйлайтын және жұмысқа қабілеттілігіңізді арттыратын азық-түліктерді ұсынады.

Майлы балық

Албырт, скумбрия секілді майлы балықтар жұмысқа қабілеттілікті арттырады. Себебі олар жаңа жүйке жасушаларының түзілуіне және есте сақтауды жақсартуға қажетті омега-3 майлы қышқылдарына бай. Балық миды ғана емес, денені де тонуста ұстауға көмектеседі: ол қан тамырлар мен сүйектерді қатайтады. Майлы балық дене пішініңізге зиян келтірмейді. Ең болмағанда аптасына бір рет балық жеп тұру керек.

Брокколи

Кез келген орамжапырақ – ағза үшін маңызды дәрумендер мен микроэлементтердің, қартаюды баяулататын антиоксиданттардың және жеңіл сіңетін өсімдік ақуызының көзі. Брокколиде ми жұмысына ықпал ететін К дәрумені, лютеин және бор көп. Оның құрамындағы С дәрумені жайлы да ұмытпау керек: ол қан тамырларды қатайтады, солайша жалпы және ми қанайналымына жағымды әсер етеді.

Зәйтүн майы

Зәйтүн майында бүкіл ағзаға, соның ішінде миға да пайдалы заттар бар. Ми 60% майдан тұрады. Зәйтүн майында омега-3, омега-6 және омега-9 майлы қышқылдары бар. Олар қан тамырлар иілгіштігін сақтайды, қан тамырлардың қабырғаларын қатайтады және жүйке жүйесіне көмектеседі.

Ащы шоколад

Ащы шоколад - шынымен де миға пайдалы тәтті. Алайда оны жеу кезінде шаманы білу қажет. Мұндай шоколадтағы какао мөлшері 70-80% болғаны дұрыс. Сүтті, ақ шоколадтар немесе кәмпиттерден бас тартқан жөн. Какао құрамындағы флаванол деген антиоксидант ми жасушаларын іске қосады, ал магний есте сақтауды жақсартады.

Грек жаңғағы

Жаңғақтардың барлық түрі өте пайдалы және құнарлы. Алайда олардың арасында ең пайдалысы – грек жаңғағы. Ол омега-3 майлы қышқылдары, А, В және Е дәрумендері және ми жұмысын жақсартатын лецитинге бай. 

Асқабақ дәндері

Күнделікті мәзірде асқабақ дәндері болғаны жақсы. Бұл дәндердің негізгі құндылықтары – мырыш, пайдалы майлы қышқылдар, магний, А және Е дәрумені. Олар нейрондар белсенділігіне, есте сақтауға және ағза төзімділігіне жағымды әсер етеді. Асқабақ дәндерін салаттардың немесе пісірмелердің бетіне себуге болады.

Оқи отырыңыз: Адамның сырт келбетіндегі жүрек ауруын көрсететін 8 белгі