- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ми батпақ жолдан...
Ми батпақ жолдан мезі болған бір топ қызылордалық шағымданды
Қызылорда қаласының іргесіндегі "Сабалақ" саяжайында халықты мазалаған мәселе жетіп артылады. Соның бірі - жолдың жайы. Жолдың сапасына шағымданған тұрғындар "Massaget.kz" тілшісіне мән-жайды айтып берді.
Ғалымхарижан Оралбаев он екі жылдан бері отбасымен осындағы Мелиоратор көшесінде тұрып келе жатыр. Бірақ содан бері көршілерімен бірге ойдым-ойдым көшенің азабын тартып келеді.
"Көшеге құрылыс қалдықтарын төгіп, соны жөнге келтіріп қойдық. Жоқтан жақсы ғой деп. Бірақ қашанғы бұлай жүреміз? Қар, жаңбыр жауғанда бәрінен бұрын балаларға қиын. Автобус аялдамасы орналасқан трассаға аяқ киімнің сыртынан целлофан орап жетуге мәжбүр", - деді ол.
Тұрғындар бұрын-соңды ешқандай жауапты орынға арызданбағанын жеткізді. Дегенмен, көріксіз көше жауынды күні ми батпаққа айналғанда тіпті қиын. Тұрғындарға, әсіресе, балаларға бірнеше аяқ киім ауыстыруға тура келеді.
"Ауызсудың өзі былтыр келді. Газ әлі жеткен жоқ. Оларды қоя беріңізші, ең қиыны осы жол мәселесі болып тұр. Батпақ боп иленген кезде кейде балаларымыз мектепке бара алмай қалады", - деді Қанат Әбілдаев.
Он жылдан бері саяжай тұрғынына айналған Руслан Әлмаханов та көршілерінің сөзін қуаттай түсті.
"Ең болмаса, әзірге бізге гравий тас төсеп берсе, дұрыс болар еді. Жергілікті билік осы мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етсе екен", - деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz