Кейде өміріңізде бәрі жақсы болса да, өзіңізді бақытты сезінбеуіңіз мүмкін. Себебі бақытты болуға сыртқы да, ішкі де факторлар әсер етеді. Солардың бірі – гормондар жағдайы. Эйфорияны сезу үшін бақыт гормондары - серотонин, дофамин және эндорфин жоғары деңгейде болуы керек. Ендеше, күнде өзіңізді қуанышты сезіну үшін қандай ережелерді сақтау керек?
Физикалық жаттығулар
Физикалық белсенділік – эндорфиндерді босатып шығарудың ең қарапайым және жылдам әдісі. Ол былай жұмыс істейді: белсенділік жүрек жиырылуының жиіленуіне әкеледі, ал ол өз кезегінде эндорфиндерді шығарады. Сондықтан жаттығуыңыз қаншалықты белсенді әрі қарқынды болса, ол аяқталған кезде өзіңізді соншалықты қуанышты сезінесіз.
Дұрыс тамақтану
Бақыт гормондарының бөлінуіне ықпал ететін өнімдер бар.
Қара шоколад. Ол үшін құрамында какао мөлшері көп және қанты аз шоколадты таңдау қажет.
Омега-3 майлы қышқылдарына бай өнімдер: майлы балық, авокадо, зәйтүн майы.
Триптофаны бар өнімдер. Ол табиғи антидепрессант. Ол мида серотонин, мелатонин және дофаминді синтездейді. Триптофан тауық, жұмыртқа, сүт, жаңғақтар және дәндерде болады.
Құрамында капсаицині бар өнімдер: қызыл бұрыш және одан жасалған тұздықтар.
Жыныстық белсенділік
Жыныстық ләззат алу кезінде ағза дофамин, окситоцин және эндорфиндер бөледі. Алайда бақыт гормондарын сүйікті адамыңызды құшақтау арқылы да алуға болады.
Медитация
Медитация денені босаңсытуға және зейінді бір нәрсеге қоюға көмектеседі. Сондай-ақ медитация серотонин, мелатонин және дофамин бөліп шығаруға көмектеседі.
Күлу
Адам күлген кезде эндорфиндер белсенді бөліне бастайды, ал ол күйзелісті азайтады, иммунитетті жақсартады және көңіл күйді көтереді. Сондықтан ауыр жұмыс күнінен соң комедия қарап, хал-жағдайыңызды жақсарта аласыз.
Саябақта серуендеу
Орманда, саябақта, ағаштары көп жерде серуендеу бақыт гормгондарының бөлінуіне ықпал етеді.
Алғыс айту тәжірибесі
Біреуге шын жүректен алғыс айту денсаулыққа пайдалы. Біз біреуге алғыс айтқан кезде ми оны жағымды нәрсе деп қабылдайды. Сол секілді бізге біреу алғыс айтса да осындай сезім пайда болады. Яғни, бұл кезде бақыт гормондары белсенді бөліне бастайды. Сонымен қатар өз-өзіңізге алғыс айтып тұру өте пайдалы. Жалпы алғыс күнделігін жазып бастаңыз. Ол үшін күнде ұйықтар алдында алғыс білдіргіңіз келетін үш нәрсені жазуға болады.
Хош иістер
Кейбір эфир майлары миды серотонин мен дофамин бөлуге мәжбүрлейді. Мысалы: лаванда, лимон және бергамот эфир майлары. Майлардан басқа хош иісті майшамдар, сабын немесе диффузорлар қолдануға болады. Лимон мен бергамотты шайға да қосуға болады.
Мақсатқа жету
Адам кішкентай болсын мақсаттарға жеткен кезде миға "менің қолымнан келеді!" деген сигнал барады. Бұл жағымды сезім дофамин мен серотонинді босатып шығарады да, адамның өзін-өзі бағалауы артады. Сондықтан алдыңызға мақсаттар қойыңыз. Оның ішінде үлкен де, кішкентай да мақсаттар болсын. Себебі үлкен мақсаттарға жету үшін көп уақыт қажет болуы мүмкін. Ал күніне "7 мың қадам жасауым керек", "көптен бері кейінге ысырып жүрген тапсырманы аяқтауым керек" деген секілді кішкентай мақсаттарға шын қаласаңыз, жылдам жете аласыз.
Бақытты естеліктер
Бұрынғы бақытты сәттерді еске алған кезде біз сол кездегі сезімдерді қайта сезінеміз. Сондықтан арасында отбасылық альбомдарды қараңыз, отбасыңызбен бұрынғы қызықты оқиғаларды жиі еске алып тұрыңыз.
Музыка тыңдау
Музыка тыңдау да, ән айту да жақсы көңіл күйге жауап беретін окситоциннің бөлінуіне көмектеседі.
Сіз де байқап көріңіз: табысты адамдар күн сайын өздеріне қандай сөздер айтады?