Көптеген мейрамхана мен кафе клиент чегіне 10 пайыз мөлшерінде қызмет көрсету бағасын қосады. Бұл қаншалықты заңды және оны төлеуден бас тартуға бола ма? Бұл туралы заңгер маманы Думан Көпбаев Massaget.kz тілшісіне айтып берді.
Заңгер пайыз арқылы жеке қызмет ақысын алу тұтынушы құқығын бұзу болып саналатынын айтты.
"ҚР стандарттау, метрология және сертификаттау тәртібі бойынша, яғни ГОСТ 30389-2013 сәйкес мекеме (мейрамхана, кафе және т.б.) қызмет көрсету үшін қосымша ақы ала алмайды. Себебі кафе мен мейрамханада тұтынушыларға даяшы қызметін ұсыну (10 пайыз) қоғамдық тамақтандыру объектілерінің осы санаты үшін міндетті шарт болып табылады. Осылайша, пайыз арқылы жеке қызмет ақысын алу тұтынушылардың құқықтарын бұзатын жағдай болып табылады", - деді Думан Көпбаев.
Заңгер егер мекеме қызмет көрсетуге қосымша ақы алатынын алдын ала айтса, бұл заңсыз болып саналмайтынын ескертті.
"Тамақ ішуге келген тұтынушыға 10 пайыз алынатыны туралы мәзірде көрсетілсе немесе даяшы ауызша ескертіп айтса, бұл жағдай заңсыз болмайды, яғни алдын ала хабарланып ескертілуі тиіс. Егер де ескертілмесе, мұндай жағдайда тұтынушы қызмет көрсету үшін қосымша пайыз төлеуден бас тартуға құқылы. Қосымша тұтынушы өзінің құқықтарын "Тұтынушыларды қорғау ұйымына" немесе сот арқылы қорғауына болады", - деп кеңес берді заңгер Думан Көпбаев.