- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мейрамханада қазақ тілінде...
Мейрамханада қазақ тілінде ән қоюға тыйым салынса, жазалау қарастырылған ба?
Кеше әлеуметтік желіде Алматыда "Пинта" мейрамханалар желісінде тіл мәселесіне қатысты дау шыққан болатын. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мейрамханада қазақ тілінде ән орындауға тыйым салынған. Жалпы қоғамдық орындарда тіл мәселесіне қатысты жанжалдар жиі болып тұрады. Ал заң жүзінде тамақтану орындарында қазақ тіліндегі әндер қойылуын талап етуге бола ма? Massaget.kz тілшісі заңгер Думан Көпбаевтан сұрап білді.
Мейрамханада қазақ тіліндегі ән орындауға тыйым салынған
Мессенджерлерде "Пинта" мейрамханасының музыканттарына арналған чатта талқыланған хабарлама скрины пайда болған. Хабарламада музыканттарға мейрамханада қазақ тіліндегі әндер қойылмайтыны айтылған.
"Егер қонақтар қазақ тілінде ән қоюды сұраса немесе талап етсе, плей-листте қазақ тіліндегі ән жоқ екенін айту керек. Немесе бірден менеджер немесе директорды шақыру қажет. Егер бірден жауап беру қиын болса, сізге не істеуге тыйым салынғанын айтпаңыз менеджерді шақырыңыз", - делінген хабарламада.
Артынша мейрамхана өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді. Олардың сөзінше, 2008 жылдан бері нарықта жүрген мейрамхана барлық ішкі және сыртқы байланыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі екен. Оның ішінде, мәзір, мейрамханадағы қызмет, жарнамалық құралдар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар және оқыту құралдары бар.
Одан бөлек, әр жұма және сенбі күндері барлық мейрамханада музыкалық ойын-сауық бағдарламасы өткізіліп, онда қаланың үздік музыканттары мен dj-лері өнер көрсетіп, қазақ тіліндегі танымал әуендерді де орындайды екен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алайда Желі қолданушылары "Пинтаның" әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілінде жазбалар кейіннен осы жайттан кейін жазыла бастағаны байқаған.
Дегенмен бұл жайт Қазнет қолданушыларының ашуына тиген. Себебі мейрамхана өкілдері бұған дейін Пинтаның концепциясына сәйкес тек ағылшын тіліндегі әндер, ара-тұра орыс тіліндегі әндер орындалатынын айтқан болатын. Артынша олар бұл жауабын әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.
Мейрамханада қазақ тілінде ән қойылуын заң бойынша талап етуге бола ма?
Заңгер Думан Көпбаевтың сөзінше, ҚР заңнамасында "қазақ тілінде ән қойылмады" деп жазалау қарастырылмаған.
"Тіл туралы заңда да, ешбір заңда көрсетілмеген. Ол мейрамхана әкімшілігінің шешімі. Мейрамхананың ішкі тәртібі бойынша реттеледі. Сол себепті арнайы органдарға шағымданғанымен ол негізсіз болып саналады. Себебі ол заңда реттелмеген", - дейді заңгер.
Бұған дейін тіл мәселесіне қатысты қоғамдық тамақтану орындарында болған жайттар
6 ақпанда Алматыдағы кафелердің бірінде қазақ тіліне қатысты оқиға болған. Жергілікті тұрғындар кафеге келіп, қазақ тілінде мәзір беруді сұраған. Алайда кафеде қазақ тіліндегі мәзір болмаған. Артынша клиенттер кафе өкіліне олардың құқығы бұзылғанын хабарлаған кезде кафе әкімшісі клиенттерді "фашист, ұлтшыл" деп айыптай бастаған. Артынша кафе әкімшісі жеке күзет компаниясындағыларды шақырған. Камуфляж киіп, автомат асынған екі адам келіп клиенттердің кетуін талап еткен. Бұл оқиға туралы құқық қорғаушы, Алмалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Халида Ажигулова Facebook-парақшасында айтқан болатын.
"Адам құқығы бұзылғанына наразы болып отырмын. Алдымен клиенттерді тіл мәселесіне қатысты кемсітеді, сосын қаруланған күзетшілермен қорқытады", - деген еді құқық қорғаушы.
Ас мәзірі мемлекеттік тілде ұсынылмаса қандай жаза қарастырылады?
Халида Ажигулованың сөзінше, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында мемлекеттік тілдегі мәзір болуы тиіс. Құқық қорғаушы ас мәзірі жазылған тілге қатысты қандай да бір арыз не шағымыңыз болса, e-otinish арқылы өтініш жазып, заң бұзған кәсіпкерлерді Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 75-бабы 5-бөлігі бойынша жазаға тартуға болады. Яғни Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық - жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту болып саналады. Бұл бап бойынша заң бұзғандарға 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл салынады. Егер бұл заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады.
Сонымен қатар, заңгер Халида Ажигулова мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 145-бабы (Адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу) бойынша полицияға арыздануға болатынын айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина