Метапневмовирус: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ға жүгінді

Метапневмовирус: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ға жүгінді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлемде метапневмовирусының (HMPV) таралуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) ресми түрде хабарласқанын мәлімдеді. Бұл туралы Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тамара Дүйсенова атап өткендей, қазіргі уақытта алдын алу шараларын жүргізу маңызды.

"Жақында Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Министрлік ДДСҰ-ға ресми сұрау жолдады. Жауап келді - бұл тек бізге ғана емес, басқа елдерге де қатысты мәселе. ДДҰ бізге ешқандай дүрбелең туғызбау керектігін айтты, себебі бұл вирус бірнеше онжылдықтар бойы әлем елдерінде таралып келеді. Біз осыған негізделеміз. Жалпы бұл қалыпты құбылыс. ДДСҰ-ға сілтеме жасай отырып, тағы да айтамын, бұл кезеңді бірге жеңіп шығамыз", - деді Дүйсенова.

Метапневмовирус (HMPV) - тыныс алу жолдарын зақымдайтын және өкпенің жоғарғы және төменгі бөліктерінде қабыну тудыратын вирус. Вирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландыда анықталды, бірақ кейбір мәліметтер бойынша ол 1950 жылдардан бастап адамдар арасында айналымда болған.

Айта кетейік, желтоқсанның соңғы аптасында Қытайда метапневмовирусының жаңа жағдайлары тіркелді. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының мәліметі бойынша бұл вирус тұмаудан кейінгі екінші орында тұр және өткен аптамен салыстырғанда ауру деңгейі айтарлықтай өскен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет