Метапән – инновациялық мектептің оқыту құралы

Бүгінгі білім беру жүйесінде білім беру философиясы мен танымдық психологиясы адамның өз қолымен жасағанын есте сақтайтындығын, практикалық әрекеттер арқылы үйренетіндігін дәлелдеді. 

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінде Республика көлемінде «Білім беру мазмұнын жаңартуда Ұлттық инновациялық мектеп моделін құру» атты оқыту, тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Жаңа «Метасызба» әдісіне негізінде оқытудың тың стратегиясы таныстырылып, лицей оқушыларының ғылыми жетістіктері практикалық көрмесі ұсынылды. 

Лицей тәжірибесіне оқытудың жаңа әдіс – тәсілдерін (7 модульді) бір- бірімен ықпалдастыра отырып сабақ беру және оқу материалдарын меңгеру сапасын анықтау үшін сыни тұрғыда бағалау жүргізу енгізіліп отыр. Сонымен қатар білім алушылардың біліктілік дағдысын, ойлау жүйесін дамыту үшін оқытудың жаңа әдіс- тәсілдері мен метепәнді сабақтастыра қолдану мақсат етілді. 

Ұлттық инновациялық мектеп моделін құруда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері мен метапәнді ұштастыра қолданудың әдіс-тәсілдерін көрсету мақсатында өткен келелі кеңестің нәтижесі де көңілге медет дарытып, бойға сенім ұялатты. 

Метапән – стандарттық білім мазмұнымен ғана шектелмей, әр пән сабақтарының ғылыми мазмұнын жүйелеп, талдап, анализдеп, зерттеу жүргізіп, өзіндік ой тұжырым жасауына және өзіндік іс-әрекетінің қалыптасуына, шығармашыл дамуына негіз болатын инновациялық әдіс. 

Семинардың бағдарламасына сәйкес қоғамдық - гуманитарлық және эстетикалық бағыт бойынша 15, жаратылыстану - математикалық бағыты бойынша 15 ашық сабақ жүргізіліп, іле-шала «Метасызба» тақырыбында шеберлік сынып сағаты өтілді. 

Семинардың екінші бөлімінде лицей дәліздері ұзын ырғасы ырғасы 30-дан астам зерттеу жобалары самсаған павилондар көз тартар жүйелі арнаға айналған. Айнала толған құрылғы, сабылысқан ұстаздар мен жас ғалымдар. Мектеп ішіндегі «Эрудиттер» ұйымы, еліміздегі жалғыз радиостанционарлық «RadioLab» шығармашылық бірлестігі, робототехника бағытындағы «OMIX» және «Көкпар» клубтары, мектепішілік «Жас астрономдар» обсерваториялық зертханасы, «Стретчинг» физиотерапиялық клубы, жекелей және онлайн режимді «Шахмат» үйірмесі, «Үнді орталығы» көрмесі, «Жас химиктер», «Алхимик», «Жас дәрігерлер», «Биозерттеушілер», «Жас сценарист» шығармашылық клубтары мен 3D принтермен жабдықталған кәсіби телестудия мен инновациялық зертхана жұмыстарымен жете танысқан семинар қатысушылары жас өскін ұрпақтың ғылымға мейлінше бейімдігіне жоғары бағасын беріп, үздіксіз жылы лебізін білдіріп жатты. Елдігіміздің ақ бастауы Алашорда қайраткерлерінің шығармашылығы мен күрескерлігін әлемдік контексте кіріктіре қарастырған «Махатма Гандидің идеяларының Алаш зиялыларының ойларымен сабақтастығы» атты тың тақырып та көрме көрушілерінің назарынан тыс қалмады. 


Оқу үдерісі барысында ұстаздардың үздіксіз білімдері мен әдістемелік шеберліктерін арттыру арқылы оқушыларға сапалы, әрі жан-жақты білім беретін, қазіргі қоғам талаптарын қанағаттандандыра алатын мектептің ұлттық инновациялық моделін құру міндетін өзінің азаматтық һәм адамгершілік борышы санаған саналы ұжымның еңбегі еленіп, ырысы еселенуде. Бұған республиканың 14 өңірінен келген 100-ге жуық қатысушы делегаттардың ырзашылық пен ақжарма тілектестік пафосқа толы риясыз рефлексиясы дәлел. 

Жеке тұлғаның жоғары зиялылық және мәдени даму деңгейін айқындайтын ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндерге басымдылық беру арқылы бейінді оқыту үш бағыт (физика-ғарыш, химия-биология және IT) бойынша жүзеге асырылатын лицейдің ғылыми зерттеушілік әлеуетін арттыру жолындағы мол тәжірибесі өзге білім беру ошақтарына өнеге боларын «Дарын» орталығының директор орынбасары Айгүл Әкімгерейқызы мінберден бірнеше рет анық екпін түсіріп, көтере айтты. 

Сәтті өткен Алатау етегіндегі кезекті шара да өз соңына таяу. Кешкі ас барысында оқушылар мен ұстаздардан құралған өнерпаздар өз қабілет-қарымын танытып, концерттік көрсетілім ұсынды. Жиналған жұрт мектеп келешегіне биік жетістіктер мен зор табыстар тілесіп, қимай-қимай тарқасты.

Алматы қалалық Махатма Ганди атындағы 
№92 мамандандырылған лицейдің 
Баспасөз бөлімі