- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Металлург күніне тарту...
Металлург күніне тарту
Қазақстан шілденің үшінші жексенбісінде металлургтер күнін атап өтеді. Аталған мереке қарсаңында Елбасының кітапханасында сақталған экспонаттар қатары жаңартылды. Жәдігерлер арасынан «Қазақстанның тұңғыш шойыны» естелік кәдесыйын ерекше атап өтуге болады.
1960 жылдың 3 шілдесінде №1 Қарағанды металлургиялық зауыты тұңғыш рет қазақстандық шойынды балқытты. Бұл шараға үш күннен кейін 20 жасқа толған жас жұмысшы, кенші Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл күн – сол кезден бастап өндіріс орнының туған күні.
Зауыт қызметкерлері Қазақстандағы және барша Орталық Азиядағы жалғыз домна пешінің іске қосылуына, алғашқы қазақстандық шойынның балқытылуына Елбасының өзі қатысқаны туралы осы күнге дейін үлкен мақтанышпен айтып келеді. Мемлекет басшысының еңбек жолы осылай басталған еді.
Сонымен қатар, кәдесый топтамасында бағалы металдар қорытпасынан құйылған бес монета – «Балқаштың алғашқы алтыны» бар. Айта кету керек, Балқаш кен-металлургиялық комбинатының медалі 1967 жылы әлем бойынша үздік деп танылды. Бүгінгі күні мысбалқыту мекемесі – «Қазақмыс» корпорациясының еншісінде.
Экспозияға Павлодар алюминий зауытынан 2007 жылы әкелінген «Алғашқы қазақстандық алюминий» өнім үлгісі қойылған. Президенттің металлург ретіндегі еңбегі туралы тағы бірнеше экспонат сыр шертеді. Олардың арасынан «Теміртау» мүсіні, Қарағанды металлургтері сыйлаған көзілдірік пен каска, «Казцинк» кәдесыйы және РФ Президенті Владимир Путиннен сыйға тартылған «Құрыш қорытушы» мүсінін ерекше айтуға болады.
Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ