19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Испания құрамалары кездеседі. Бұл матчтың басты интригасы – Лионель Месси мен Ламин Ямальдың текетіресі. Месси екінші мәрте әлем чемпионы атануға ұмтылса, Ямаль мансабындағы алғашқы әлем кубогын жеңіп алуға мүмкіндік алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Финал АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласында орналасқан MetLife Stadium аренасында өтеді.
Матч Қазақстан уақытымен 20 шілде күні сағат 00:00-де басталады.
Кездесуді Qazaqstan және Qazsport телеарналардың тікелей эфирінен, сондай-ақ ресми сайттарынан көруге болады.
Аргентина мен Испания құрамалары әлем чемпионатында осыған дейін бір-ақ рет – 1966 жылғы мундиальда кездескен. Сол жолы топтық кезеңде аргентиналықтар 2:1 есебімен жеңіске жетіп, Испанияны плей-оффқа жібермеген.
Одан кейін екі құрама тек жолдастық кездесулерде алты рет жолықты.
Аргентина топтық кезеңде Алжирді (3:0), Австрияны (2:0) және Иорданияны (3:1) жеңіп, J тобында бірінші орын алды.
Плей-оффта аргентиналықтар 120 минутқа созылған кездесуде Кабо-Вердені (3:2), кейін Мысырды (3:2), ширек финалда Швейцарияны (3:1), ал жартылай финалда Англияны (2:1) жеңіп, финалға шықты.
Испания топтық кезеңде Кабо-Вердемен тең түсіп, кейін Сауд Арабиясы мен Уругвайды жеңіп, H тобында көш бастады.
Плей-оффта испандықтар Австрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және жартылай финалда Францияны (2:0) ұтып, финалға жолдама алды.
Еске салайық, үшінші орын үшін өткен матчта Англия Францияны 6:4 есебімен жеңді.
Сол кездесуде Килиан Мбаппе әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.
Бұған дейін Лионель Месси Испанияға қарсы өтетін финал туралы пікір білдіріп, әлеуметтік желіде кең тараған – бір жасар Ламин Ямальды шомылдырып тұрған фотосына да қатысты ойын айтқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!