Месси ӘЧ-ден кейін алғаш рет алаңға шықты

Лионель Месси 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін алғаш рет алаңға шықты. Аргентина құрамасының капитаны әлем чемпионатының финалынан кейін араға 14 күн салып, "Интер Майами" сапында матч өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл АҚШ-тың МЛС чемпионатының тұрақты кезеңіндегі 18-тур аясында "Коламбус Крюге" қарсы өткен ойында болды.

Аргентиналық футболшы алаңға 53-минутта шықты. Алайда нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.

Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. "Интер Майами" сапында Луис Суарес пен Ноа Алле гол соқты. Ал қарсылас команда сапында Каземиро өз қақпасына гол соғып алса, Браис Мендес бір мәрте мергендік танытты.

Месси әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанды

Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясының (IFFHS) нұсқасы бойынша 39 жастағы аргентиналық әлем чемпионатының үздік футболшысы деп танылды.

Бұл пікірмен жетекші статистикалық порталдар да келісіп отыр. Алайда ФИФА турнирдің үздік ойыншысы ретінде Испания құрамасымен әлем чемпионы атанған жартылай қорғаушы Родриді таңдады.

Әлем чемпионаты барысында Месси 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Дегенмен үздік сұрмергендер бәсекесінде Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппеге (10 гол, 4 ассист) жол берді.

Еске салайық, 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні Аргентина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испаниядан жеңілді. Месси матчте 120 минут толық ойнағанымен, нәтижелі әрекет жасай алмады.

Месси алғаш рет әлем чемпионы атағын 2022 жылы жеңіп алған. Ал 2026 жылы ұлттық құрамамен әлем чемпионатының финалына үшінші рет шықты. Қазіргі футболшылардың ішінде әлем чемпионатының финалында одан көп ойнаған ешкім жоқ.

Бұған дейін БАҚ-та Аргентина құрамасының футболшылары Лисандро Мартинес пен Алексис Макаллистер Англиядағы үйлерін күзету үшін жеке күзет қызметін жалдағаны туралы ақпарат тараған еді.

Ал Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жекеменшік инвесторларға сату жоспарынан бас тартты. Мұндай шешім Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) қатаң сыны мен турнирге бойкот жариялау қаупінен кейін қабылданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!