Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде болған оқиғаға қатысты кадрлық шешімдер қабылданды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбазға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
"Бұдан бөлек лауазымды адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеріс жүргізілді. Кадрлық шешім қабылданып, басшылық құрамдағы төрт лауазымды тұлға, яғни әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметінен босатылды. Әскери бөлім командирінің орынбасары-штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметке сәйкес емес деген ескерту жарияланды", - деп жазылған хабарламада.
Бірқатар офицер мен сержантқа қатаң тәртіптік жазалар қолданылған.
"Заңға сәйкес барлық мән-жайға түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Отардағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздың жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен сарбаз Алматыдағы госпитальда емделіп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова