Қазақстан халқы 25 қазан - Республика күнін қайтадан атап өте бастады. Былтыр мерекелер тізіміне енген бұл күн - елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Ұлт үшін маңызы зор күнге Мемлекет басшысы ерекше мәртебе берді. Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған Республика күні биыл Алматыда қалай тойланады?
Алматыда Республика күніне арналған іс-шаралар 20 қазанда сағат 11:00-де Мемлекеттік қуыршақ театрындағы "ALMATY PUPPET FESTIVAL" I Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты ашылуымен басталады. Фестиваль 24 қазанға дейін жалғасады, жас көрермендерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сонымен қатар алыс-жақын Өзбекстан, Польша, Болгария, Грузия, Түркия сияқты шетелдерден келген театр ұжымы өнер көрсетеді.
Республика күніне дейін мерекені тойлау аясында қалада бірқатар басқа іс-шара өтеді:
Республика күні - 25 қазанда өтетін іс-шаралар тізімі:
Таңертең сағат 10:30-да "Медеу" БТСК-да мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау салтанатты рәсімі өтеді. Іс-шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады.
Ал Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында сағат 11:00-де "Ел өркенін өсірген азаттық" тақырыбында квиз және "Декларация – тәуелсіздікті бекітудің алғашқы қадамы" көрмесі өтеді.
Түскі сағ 14:00-де Көктөбе саябағында "Алматы әуендері" шығармашылық ұжымының қатысуымен "Жасай бер мәңгі - Қазақстаным" атты мерекелік концерт өтеді.
Негізгі мерекелік концерт сағат 15:00-де Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен Республика сарайында өтеді.
Қазақ мемлекеттік циркінде сағат 16:00-де Республика күніне және атақты клоун әрі сиқыршы, цирк әртісі Кәрім Мұтырғановтың 70 жылдығына орай бенефис ұйымдастырылады. Қонақтарға акробаттар, әуе гимнасттары, жонглерлер, эквилибристер, иллюзионистер мен сайқымазақтар қатысатын шоу-бағдарлама ұсынылады.
Сағат 17.00-де Құрманғазы атындағы консерваторияда оқу ордасының жетекші ұжымдары мен солистерінің қатысуымен "Жасай бер, Қазақ елі" атты салтанатты концерт ұйымдастырылады.
Кешке сағат 20:00-де Астана алаңында Республика күніне орай мерекелік отшашу болады.
Айта кетейік, Республика күнін тойлау аясында суреттер мен фотосуреттер көрмелері, дөңгелек үстелдер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, флешмобтар, спорт фестивальдері, турнирлер, марапаттау рәсімдері, зияткерлік ойындар мен акциялар өтеді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бармағын жалау деген қандай ғұрып?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз