Айтулы мерекелерге орай кімдер біржолғы төлем ала алады? Massaget.kz тілшісі мұндай төлемдер қай кезде және кімнің шешімімен төленетінін анықтады.
Заңға сәйкес аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігі, республикалық маңызы бар қала, Астана әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың кейбір санаттарының тізімін айқындау қағидаларын әзірлейді. Ал оны аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қала, Астана мәслихаты бекітеді.
"Әр өңірде мәслихаттың шешімі бойынша және аймақтың бюджет мүмкіндіктеріне байланысты атаулы күндер мен мереке күндерінің тізімі, көмек алушылар санаттарының тізімі, әлеуметтік көмек түрлері, шекті мөлшері мен жиілігі белгіленеді", - деп жазылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Massaget.kz-ке берген жауабында.
Ведомствоның ресми жауабына сүйенсек, жергілікті мәслихаттың шешімімен әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылған адамдарға, ардагерлерге, басқа да мұқтаж азаматтарға бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылдықта 1 рет, жылына 1 рет) берілуі мүмкін.
"Әрбір жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін республикалық маңызы бар қала, Астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия айқындайды", - деп жазылған жауапта.
Министрліктің мәліметінше, азаматтарды "мұқтаждар" санатына жатқызу үшін мына себептер негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар ауру болуы;
4) жергілікті органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыс табуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.
"Мұқтаж азаматтардың кейбір санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) жергілікті әкімдікке не "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жазбаша өтінішпен немесе электрон үкімет веб-порталына электрон өтінішпен жүгінеді", - деп жазылған жауапта.
Ведомство мәліметінше, мереке күндері және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмейді. Бұл кезде жергілікті әкімдік "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде тізім жасайды.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда қандай төлемдер мен жәрдемақылар өсетіні белгілі болды. 2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақының барлық мөлшері 6,5 пайызға артады.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де 6,5 пайызға артады:
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз