Жаңа жылда көптеген дәмді тамақтар пісіріледі және кейде адамдар оларды мерекеден соң бір апта бойы жейді. Қалай тамақтан уланып қалмауға болады? Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің орынбасары Гаухар Каткенова Tengri Life-ке ұсыныстарын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мереке күндері тағамдық улану жиі дайын тамақтар себебінен болады. Мысалы:
- Көпкомпонентті салаттар (бірінші кезекте, олардың майонезбен және қаймақпен араластырылған түрлері);
- Кремі бар кондитерлік өнімдер;
- Еттен дайындалған тамақтар.
Сондай-ақ дұрыс жуылмаған жемістер, жидектер және көкөністер де улану себебі болуы мүмкін.
"Көп жағдайда тамақтан улану мөлшері мереке күндері артады. Оның себебі – тоңазытықышта екі-үш күннен артық сақталған тамақ қалдығын жеу. Әсіресе, бұл ет, балық өнімдеріне және майонезбен араластырылыған салаттарға қатысты. Мұндай тағамдарды, әсіресе, майонез қосылған салаттарды тоңазытқышта 24 сағаттан артық сақтауға болмайды", - дейді Гаухар Каткенова.
Тамақтан уланудың белгілері
Маман тамақтан уланудың белгілерін атады.
"Жоғары температура, сұйық нәжіс, іштің ауыруы, жүрек айну және құсу болуы мүмкін. Ботулотоксинмен уланса, мына белгілер байқалады: жұтынудың қиындауы, жоғары қабақтың түсіп кетуі, координацияның бұзылуы, бас ауыру, әлсіздік", - дейді ол.
Алдын алу
Тамақтан улануды алдын алу үшін Гаухар Каткенова мынадай ұсыныстар берді:
- Азық-түлік өнімдерін, әсіресе, маринадтарды белгісіз сауда орындарынан немесе тексерілмеген онлайн-сатушылардан алмаңыз;
- Азық-түлік сатып алған кезде оның қаптамасының бүтіндігіне көз жеткізіңіз және жарамдылық мерзімін, оны сақтау шарттарын тексеріңіз;
- Мерекелік тағамды дайындау кезінде бірінші кезекте қол, асүй және құралдардың тазалығын сақтау керек;
- Шикі және піскен өнімдерді бір-бірінен бөлек сақтаңыз және оларға бөлек пышақ пен тақтай қолданыңыз;
- Жемістер, жидектер және көкөністерді қолданар алдында ағын судың астында жақсылап жуыңыз;
- Салаттарды тоңазытқышта ұзақ сақтауға болмайды. Майонез қосылған салатты тоңазытқышты 24 сағаттан артық сақтамаңыз, ал басқа салаттарды тоңазытқышта тек 2 тәулікке дейін сақтауға болады. Алайда бұл ет, шұжық және жұмыртқасы бар күрделі тағамдарға қатысты емес. Оларды майонезсіз де бір тәуліктен артық сақтау ұсынылмайды;
- Температуралық режимді дұрыс сақтау маңызды және ет, құс, жұмыртқа, теңіз өнімдерін қуырғанда немесе қайнатқанда дұрыс пісуі үшін қажетті уақытты сақтаңыз;
- Тамақты жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа жануарлардан қорғау қажет;
- Тамақ дайындауға сапалы таза суды қолдану керек;
- Міндетті түрде "балалар мәзірін" ойластырыңыз.
Оқи отырыңыз: Жаңажылдық дастарханды безендіруге бірнеше идея