Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен "Жетісу жастары ұйымының Конгресі" белгілі жазушы, журналист Қанат Тілеуханды қоғамдық кездесуге алдап шақырды. Бұл туралы жазушының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласты. "Аға, ертең келе аласыз ба?" деді ентігіп. "Тыныштық па?" деймін. "Сізбен кездесу ұйымдастырсақ" деді. Б.Римова театрында "Медаль" спектаклі қойылғанда ғана туған жерде бір шығармашылық қауышу болған еді. Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін. "Жақсы" деп келістім. Бүгін келсем, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы" кездесу деп тұр. Екі жас қыз жүр екен. "Менің жемқорлыққа қатысым не?" десем, күмілжіп, дұрыс жауап бере алмады. Ақыры келдім ғой деп отырдым. Сонымен бір сағат өтті, ешкім жоқ. "Қыздар, бұның бәрі отчет үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар" десем, "мақұл" дейді. Негізі әзілдеп айтқам. "Жақсы, жақсы" деп, мобилографқа түсіртіп жатыр. "Балалар, мыналарың ұят қой. Аман болыңдар" десем, "ренжімеңізші" дейді. Тіпті "ертең келе аласыз ба?" деп қояды. Алматыдан жұмысымды тастап келген ем. Әңгіме - осы. Ұйымдастырушы - Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор", - деп жазды Қанат Тілеухан.
Ұйымдастырушылар кейіннен жазушының есепшотына қаламақы жіберіп, өз кінәларын жуып-шаймақ болған.
"Жыл басында "Шатырдағы әйел" кітабымның тұсаукесерін өткізіп берейік деген шақыртуды баспагерім Асылан Тілеген арқылы алғанмын. Ол кезде де "отчет" үшін болып қалды. Талдықорғандағы Жұматай Оспанұлы бастаған қаламгерлер: "Қақа, мынау былай болады деп ойламадық. Кейін өзіміз дұрыстап ұйымдастырайықшы" деген еді. Айтпақшы, қайтып бара жатсам, шотыма елу мың теңге түсті. Дана есімді қыз қоңырау шалып, кешірім сұрады. 50 мың теңге қаламақым екен. Қайта өзіне салып жібердім. Қорланып кетіп барам", - деді жазушы.
Жетісу облысының жастар ұйымы жазушының жазбасына қатысты ресми түсініктеме беріп, жазушымен күн тәртібі келісілмегенін атап өтті.
"2024 жылғы 29 мамырда Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы мен Жастар конгресі арасында "Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған" жобаны ұйымдастыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды. Техникалық ерекшелікке сәйкес, біз жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. 17-қазанда техникалық ерекшелікке сәйкес басқармамен TEDx форматындағы іс-шараны өткізу және оның шеңберінде спикер ретінде Қанат Тілеуханды шақыру келісілді. Алайда алдын ала келіссөздер барысында біз спикерге шараның күн тәртібіне сәйкес "Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ" тақырыбына арналғанын толық хабарламадық және талқыламадық. Сонымен қатар 2024 жылғы 21 қазанда іс-шараны өткізу күні қатысушылар саны (кемінде 100 адам) толық қамтамасыз етілмеді, нәтижесінде, күтпеген жағдайлар орын алып, спикер іс-шараны өткізу орнынан кетті. Осыған байланысты, біз бұл іс-шараның шығындарын өз есебімізге аламыз. Сонымен қатар іс-шара есепке енгізілмейді және қайта өткізіледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ аталған оқиғаға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарластық, жауаптар қосымша жарияланатынын мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!