Танымал әзілкеш, актер Бағжан Данай әлеуметтік желіде талқыға түскен әзілдің бұрмалануына қатысты ойын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол отандық кинокөрсетілімдердің бірінде берген сұхбатында айтты.
bayGUYS ютуб жобасының мүшесі Бағжан Данай "Байгайстан" сериалындағы әзілді дүрбелеңге айналдырудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, әзілдің ешқандай ұлттың тұтастығына кесірі тиетін тұсы жоқ.
"Арандатушылық жасап жатқандар бар. Бұл нәрсені дүрбелеңге айналдырып керек емес. Біздің елдің тұтастығын бұзатындай ештеңе айтылып жатқан жоқ. Кей журналистер хабарласып, осыған ұқсас дүниеге әкеліп тіреді. Шындығында бұл жай ғана әзіл. Оны қатты қабылдап керек емес. Байгайстан - қиялдағы мемлекет. "Еріншектер елі" деген мультфильм секілді дүние ғой", - деп жауап берді ол.
Әзілкеш елдегі сөз бостандығына қатысты болып жатқан дау-дамайларға өз пікірін айтты. Бағжан Данайдың сөзінше, әзілдің де шегі болады.
"Әзілдің де шегі болады. Біз өз құқығымызды білуіміз керек. Әзіл сепаратизмге алып бармауы керек. Десе де, сатираны шектеу дұрыс емес. Ол - халық пен биліктің арасындағы құрал. Ауыр нәрселерді жеңіл етіп жеткізетін дүние ғой. Ауырды ауыр етіп айтсаң, драмалық әндер секілді ешкім тыңдамай қояды. Сол себепті сатираға қысым жасау қате дүние", - деп жауап берді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда QazNews24 сатиралық пабликтің авторы Темірлан Еңсебек ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Полиция азаматтың ісін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қарап жатқандарын және оның екі айға қамауға алынғанын айтқан еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз