"Не жаздым мен, жаным, саған?" әні Өктем Алтаевтің баянсыз махаббатынан туған туынды екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы "Алғашқы" бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
Өктем Алтаев әскерге барып келгеннен кейін Шымкенттегі мәдениет институтына оқуға түскен. Ағайынды Алтаевтардың ең кішісі, яғни Өктем ғана бойдақ болыпты. Анасы төрт ұлдың кенжесін үйлендіру үшін жақын достарының қызымен таныстырады. 20 жастан асса да, қызы болмаған Өктем бір қызды ұнатып қалады. "Не жаздым мен, жаным, саған?" әнінің кейіпкері сол ару екен.
"Сол қызбен кездесіп жүрдік. Мен оны ұнаттым, ол да қарсы емес екенін білдірді. Айдың жарығында сырласатынбыз. Әннің мәтінінде де: "Айлы түннің шуағына шомылып..." деген өлең жолдары бар ғой. Сөйтіп жүріп ол қыз қыркүйекте Алматыға оқуға кетті. Кейін бір-екі рет хат жаздым. Ол қараша айында туған күніне шақырды. Мен бара алмадым. Өйткені қалтамда ақша жоқ, аяғымда қыстық етік болмады. Содан біраз уақыттан кейін Алматыға бардым. Ол қыз өзгерген, сезімі суыған. Мүлдем басқа адам. Себебін сұрағанымда, "жігітім бар" деп айтты. Сол сәтте менің төбемнен су құйғандай болды. Аузыма құм құйылып, көзім қарауытып, "нокаут" алдым. Қызды жатақханасына қалай жеткізіп салғанымды білмеймін. Негізі мен оған қатты сеніп, сол қызбен болашақ өмірімді байланыстырып, жүрегіме сіңіріп қойған едім. Содан қатты күйзеліске түстім", - дейді Өктем Алтаев.
Десек те Өктем Алтаев жазған өкінішке толы туындының қуантарлық тұстары да бар. Бұл ән бір-біріне ынтық қыз-жігіттердің нағыз гимніне айналды. Автордың басынан өткерген баянсыз махаббатына арқау болған ән кейін талай ғашықтарды табыстырған көрінеді.
"Жалпы "Не жаздым мен, жаным, саған?" әнінің арқасында қаншама жастар қосылған ғой. Қанша жігіттер бұл әнді қыздың есігінің алдында, терезенің түбінде серенада сияқты қылып айтып, сүйгенін өзіне қаратып алған. Былайша айтқанда, менің бақытсыздығым қанша адамның бақытты болуына септігін тигізді. Бұл мені қуантады", - дейді әнші.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!