Кеше "Менің атым Қожа" фильмінде Жанар есімді кейіпкерін сомдаған актриса Күләш Қажығалиева өмірден өтті. ҚР Еңбек сіңірген әртісі туралы не белгілі? Толығырақ Massaget.kz тілшілері дайындаған материалдан оқыңыздар.
Қаралы хабарды Ғабит Мүсірепов театрының баспасөз қызметі өкілдері жеткізді.
"ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін және Еңбек ардагері медальдерінің иегері, театрымыздың әртісі Күләш Сопқанқызы Қажығалиева өмірден өтті. Өнердің аңыз, театрымыздың абыз анасынан айырылу орны толмас үлкен қайғы. Отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", - делінген қазанамада.
Актриса 1942 жылғы 9 маусымда Алматы облысы Үйгентас ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1969 жылдан бастап тынбай еңбек етіп, жемісті жұмыс істеген өнер иесі Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" шығармасындағы Жанар рөлін ойнаған.
Өнер иесі 1998 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі құрметті атағымен марапатталған.
Актриса режиссер Қалиолла Мерғазиевпен бас қосқан еді. Оның артында Қуандық, Құралай мен Қарлығаш есімді балалары қалды.
Айта кетейік, актрисаның жаназасы 13 қыркүйек сағат 10:00-де Розыбакиев көшесі, 70-ші үй, 26-шы пәтерде өтеді. Қонақасы 13.09.24 сағат 13:00-де Ару-Ана мейрамханасы, Төле би көшесі, 191-де болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!