“Менің атым Қожадағы“ басты кейіпкер Нұрлан Сегізбаев өмірден өтті

“Менің атым Қожадағы“ басты кейіпкер Нұрлан Сегізбаев өмірден өтті
Фото: Tengrinews.kz/ коллаж

Қазақтың еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист әрі кинодраматург Нұрлан Сегізбаев дүниеден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство Нұрлан Сегізбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақын-жарандарына көңіл айтты.

Нұрлан Санжарұлы қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға болды. Ол бүкіл ғұмырын шығармашылыққа және ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды.

Нұрлан Сегізбаев Абдолла Қарсақбаев түсірген "Менің атым Қожа" фильміндегі басты рөлімен танымал. Экрандағы көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады.

"Нұрлан Санжарұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы және өнегелі өмір жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз", - делінген министрлік хабарламасында.

Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев туралы не белгілі?

Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев 1951 жылғы 28 қаңтарда дүниеге келген. Ол - кеңестік және қазақ киноактері, сценарист, кинодраматург. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты. Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі.

Ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде дәріс оқып, драматургия мен теледидар саласына қатысты бірнеше кітап жазды. Сондай-ақ "Бату-хан" және "Нежданный гость - Жошы" атты тарихи романдардың авторы.

Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас повесі бойынша түсірілген "Менің атым Қожа" балаларға арналған көркем фильмі 1963 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың қолтаңбасымен экранға шықты. Фильмнің музыкасын Нұрғиса Тілендиев жазған.

Сегізбаевтың кейінгі естеліктеріне қарағанда, ол фильмге кездейсоқ тап болған. Түсірілім тобы басты рөлге лайық бала таба алмай жүрген кезде оператор Михаил Аранышев пен Тұрар Дүйсебаев түскі асқа бара жатып, төбелесіп жатқан балаларды көреді. Солардың бірі - Нұрлан Сегізбаев болған.

Қожаның рөлін сомдаған актер өзі ешқашан әртіс болуды армандамағанын да айтқан. Оның сөзінше, бұл мамандықтың "қаншалық ауыр еңбек екенін" түсінген соң, бала кезінен жазушы болуды көбірек қалаған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget