Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева айтыста көлік ұтып аларда қандай түс көретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Айтыс сахнасында 30 жыл жүрдім. Бірақ түсті сирек көремін. Есімде қалған 3-4 түсімді айтып берейін. Осыдан 25 жылдай бұрын Балқашқа айтысқа шақырылдым. Қателеспесем, Ағыбай батырдың 200 жылдық тойы өтті. Жолда поезда кетіп бара жатып түс көрдім. Түсімде біреу маған алтын сырғаның бір жағын ғана сыйлап жатыр екен. "Мен мұның жалғыз өзін таға алмаймын ғой, мұны не істесем екен" деп ойланып жатып оянып кетіппін. Сол айтыста бас жүлдені Аманжол Алтай ағаммен бөлістім. Яғни бір машинаны екеумізге ақшалай бөліп берді", - деп жазды ол желіде.
Айтыскер ақын тіпті өзі жеңіп алған көлікті басқа ақынға сыйлай салған сәті болғанын да есіне алды.
"Бір күні түсімде бір құрбымды көремін. Менің алтындарымды тағып алыпты. Бірақ мен қуанып тұрмын. Менде басқасы бар ғой деген болармын, білмеймін. Шындығында ол уақыттарда көп алтыным жоқ еді. Сәл уақыттан соң Созаққа айтысқа шақырту алдым. Бардым, айтыстым. Бас жүлде аппақ Жигулиді ұтып алдым. Негізі сол ауылдың баласы Қалижан да керемет айтысқан, бірақ мені алыстан келген қонақ деп сыйлаған болу керек, халық керемет қошеметтеп көлікті маған берді. Мен Қалижанға беріп кеттім.. Бергеніме қатты қуандым", - деп көлікті оп-оңай біреуге сыйлай салғанын мәлімдеді.
Айнұр Тұрсынбаева түсінде алтын көрген сайын көлік жеңіп алатын көрінеді.
"Бірде Қармақшыға айтысқа бардым. Сол Қармақшының халқының қошеметі әлі есімде. Бірақ бізді жатақханаға жатқызды. Дәретхана далада, бөлме қапырық дегендей мазамыз қашты. Сол жерде түс көрдім. Түсімде көшеден алтын жүзік тауып алыппын, тағып көрсем тұп-тура. Сол айтысқа тігілген әппақ машинаны мініп кеттім", - деп жазды ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!