- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Меңдіқаралықтар облыс әкіміне...
Меңдіқаралықтар облыс әкіміне мәселесін жайып салды
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Меңдіқара ауданына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті билік өкілдері бұрынғы әкімдерге жасайтын үйреншікті қадамдарын өзгертті. Олар аудан аумағында қаржы тапшылығына байланысты көп уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды көрсетіп, бар шындығын жайып салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солардың қатарында ауданға қарасты аумағы жағынан ірі ауылдың бірі Степановка саналады. Бұл жерге халық көп қоныстануына байланысты ауылдағы жалғыз мектепке оқушылар сыймай жатыр. Бір қызығы бұл қажеттілік 2016 жылдан бері күн тәртібінде тұрса да, облыстағы білім басқармасы артқа шегерумен келеді екен.
Степановкадағы балалар білім алып жатқан мектеп кеңес дәуірінде бастауыш сыныптарға арнап салыныпты. Мектеп ғимараты 12 оқу кабинетінен тұрады. Талап бойынша 80 оқушы ғана білім алуы керек. Қазір онда 162 оқушы білім алып, 20 сынып жиынтығы жасақталған. Ауыл мұғалімдері амалсыздан тар мектепте білім беруге мәжбүр.
Ауылдағы шағын орталыққа баратын кішкентай бүлдіршіндердің жағдайы тіптен аянышты. Себебі балалар білім алатын ғимарат бір кездері қонақүй болыпты.
"Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қарапайым балалардың шешінетін жерлері де жоқ. Оқушылар тар салқын дәлізде киім ауыстырып киінеді. Шағын орталық орналасқан ғимаратта дүкен де, шаштараз да бар. Бұл енді талапқа сай ма? Өздеріңіз ойлай беріңіздер", - деді мектеп директоры Әсел Есенова.
Облыс әкімімен кездесу барысында бұл нысанның жобалық-сметалық құжатының болмауы да талайды таңғалдырды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті "Шығыс-1" ЖШС жоқ құжатты кәсіпорын қаржысына жасап беруге ұсыныс білдірді.
Аудандағы тағы бір әлеуметтік нысан - Красная Пресня ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункті. Емдеу мекемесі ұзақ уақыт бойы жөнделмегендіктен, қабырғалары қақырап, жылу далаға кетіп жатыр. Дәрігерлер амалсыздан шыдап жүргендерін жеткізді. Жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасалып та қойыпты. Оған бюджеттен 1,8 миллион теңге жұмсалған. Белгісіз себептермен сол жөндеу жұмыстары шегеріліп келеді екен. Облыс әкімі дәрігерлермен жолыққанда нысанға күрделі жөндеу болатынына уәде берді.
"Ал фельдшерлік-акушерлік пунктты жөндейміз. Жөндемей қайда барамыз? Мемлекеттің қаражаты жеткілікті", - деп қысқа қайырды облыс әкімі.
Облыс әкімімен жолыққан оңтайлы сәтте Меңдіқара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Рудава Жакина аурухананың өзінде қордаланып келе жатқан бірқатар мәселені қысылмай жайып салды.
"Аудандық орталық ауруханада жұқпалы аурулар бөлімшесі санитария талаптарына сай келмейді. Соның салдарынан медицина қызметкерлері өз жұмысы барысында заңбұзушылықтарға барып отыр. Сонымен қатар, ауруханаға қарасты автокөлік паркі әлдеқашан тозығы жеткен көліктерді жамап-жасқап күн көріп жатыр. Ауруханаға тиесілі 25 жедел жәрдем көлігінің 16-сы мүлдем жүрмейді, бесеуі 60 пайызға ескірген. Қалған көліктердің өздері 25-30 пайызға тозығы жеткен", - деді Рудава Жакина.
Мешіт Ғазизұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы