Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары делінетін азаматтың видеосы тарап жатыр. Өңірлік Полиция департаменті өкілі желіде тараған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде қызметтік көлік жүргізушісі патрульдік полицияның тоқтау туралы талабына бағынбағаны жайлы ақпарат тарады. Көлік тоқтатылғаннан кейін жүргізуші патрульдік көлікке барудан бас тартқан.
Осы кезде жолаушы, яғни аудан әкімінің орынбасары делінген адам да полицияның әрекетіне наразылық білдірген.
- "Мені тоқтатуларың қате ғой, жігіттер", - дейді ол қызметкерге.
- "Дамир, сенімен кейін сөйлесеміз. Cес көрсетіп тұрған жоқпын", – дейді ол тағы полицейге қарата.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Патрульдік полиция қызметтік көлікті түнгі уақытта пайдалану қаншалық заңды екенін тексеру үшін тоқтатқаны белгілі болды.
"Жүргізуші полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, видеоны зерделеу барысында көлікте жолаушы ретінде отырған аудан әкімі орынбасарының әрекетінен қоғамдық тәртіпті бұзу белгілері анықталған жоқ", - деді полиция.
Ақтөбе облысы әкімдігі бұл оқиғада мемлекеттік қызметшінің кінәсі жоқ екенін мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова