- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мен сіздерді алдадым"....
"Мен сіздерді алдадым". Әнші Индира Расылхан күтпеген мәлімдеме жасады
Әнші Индира Расылхан психологиямен айналысқаны үшін кешірім сұрап, алдағы уақытта ән айтпайтынын мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы өнер иесі Instagram-парақшасында бөлісті.
"Ойым шашыраңқы болса да, жеткізуге тырыстым. Сіздерден кешірім сұраймын. Бүгін ерекше эфир болайын деп тұр. Сіздердің алдарыңызда кеткен қателігімді, алдап жүрген мәселелерімді ашық айтуға ниеттендім. Ашық сөйлескім келіп тұр. Қазір шыны керек, ойым шашыраңқы болып тұр. Сөз таңдамай, қалай бар, солай жеткізуге тырысамын", - деп жазды Индира Расылхан.
Сонымен қатар, әнші неге халықтан кешірім сұрап отырғанын түсіндірді.
"Осы уақытқа дейін сіздердің алдарыңызға әнші Индира болдым. Әнші рітенде сіздердің құрметтеріңізді, көңілдеріңізді жаулап алуға тырыстым. Маған "Халыққа қаншалық адал қызмет еттім, еңбегім қаншалық бағаланды" деген ой келеді. Өзіме есеп бергенде көп нәрсе шықты. Сіздердің көңілдеріңізді өнеріммен жаулап алғаным үшін кешірім сұраймын. Психологиялық мақсатта сіздермен жұмыс істеп жатқаныма 3 жылдың көлемі болды. Қанша терапия өткіздім, қанша адаммен сөйлестім. Қанша жанның мұңын тыңдап, көмегімді тигіздім. Тегін де сабақ бердім, курс та өткіздім. Осының барлығында менен кеткен қателік көп болды. Психология бір білім ғой. Бірақ бұл Алладан емес, батыстан келген білім. Осы психология арқылы көп нәрсені түсіндім", - деді әнші.
Индира Расылханның айтуынша, ол ауыр сынақты бастан өткерген. Әнші енді ән айтпайтынын мәлім етті.
"Бәлкім, біреуіңіз өнерімді, біреуіңіз психологиямды жақсы көрген боларсыздар. Ең бастысы, менің айтқалы тұрған нәрсем психологиялық техника, аффермация мен медитацияға да кеңес бермес едім. Алла менің ризығымды арттырмады. Мен адасу, қателік жасау арқылы Алланы таптым. Қазір қандай жағдай болса да, мен тек дұға етемін.
Мен үлкен сынақтан өттім. Қиын кезеңнен өттім. Оны дұшпанымның да басына тілемеймін. Алла ол нәрсемен сынамасын деп тіледім. Не ауру емес, не сау емес күйден өттім. Қазір өз-өзіме келдім. Сіздерді алдап жүргендей сезіндім. Расында алдадым. Мен Алладан келген білімді емес, адамдар ойлап тапқан техниканы сіздерге бердім. Жүректеріңізге психолог ретінде жол тапқан болсам, кешірім сұраймын. Мен ресми түрде мәлімдеме жасағым келіп отыр, бұдан кейін ән айтпаймын", - деді әнші.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тағы да оқи отырыңыздар: Аудиал мен визуал деген қандай адамдар?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек