Қонаев қаласындағы Шеңгелді ауылында келісімшарт бойынша әскерде борышын өтеп жүрген сарбаз қыз батальон командирі тарапынан қысымға тап болған. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Тәңсәрі Instagram-парақшасында мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Дина Тәңсәрінің мәліметінше, батальон командирі қызға "ерекше" қарай бастаған. Қарым-қатынасына жауап бермеген қызды түрлі сылтаулармен қызметінен босатқан.
Оқиға Қонаев қаласы Шеңгелді ауылының әскери бөлімінде болған. 3 жылдық келісімшартқа отырған қызды сынақтан өтпеді деп мерзімінен бұрын қызметінен босатқан. Қыздың айтуынша, батальон командирі өзінің отбасы бола тұра, қызға жылы сөздер айтып бастаған. Әскери бөлім басшылығына командир үстінен бірнеше шағым түсірген, бірақ олар жауапсыз қалған. Нәтижесінде қыз ауруханаға түскен.
Өтініштеріне "сен әдемі қызсың, жеке өміріңе араласпаймыз. Мен сенің ағаң, құдаң емеспін, командирді таңдамаймыз. Әскерге қолыңнан жетектеп ешкім әкелмеді" деген жауаптар ғана алған.
Кейін батальон командирі Қошановтың орнына оның әріптесі, досы Қаріпбеков келген. Қыздың айтуынша, Қаріпбеков Қошановтың өтініші бойынша оған әлімжеттік көрсеткен.
"Сен және сенің тегің шаршатты, армияны ұятқа қалдырасың. Сенің кесіріңнен жеке құрам зардап шегеді, сені жұмыстан шығарамын", - деген Қаріпбеков қызға.
Қорғаныс министрлігі шұғыл комиссия құрылғанын, ол әскери бөлімге барып, оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеуге кіріскенін мәлімдеді.
"Қатардағы Елшібаеваның әлеуметтік желіде жариялаған деректері расталса, кінәлілер жұмыстан босатылып, қылмыстық іс қозғалғанға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынды", - деді ведомство өкілдері.