- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мен Роза Рымбаеваның...
"Мен Роза Рымбаеваның әкесімін" деп кеудесін соққан емес" - Халық әртісі
ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева "Ұждан" әкелер алаңына берген сұхбатында әкесі туралы айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші отбасында 8 бала болғанын айтты.
"Менің абзал әкем, асқар тауым 8 баланың әкесі. Осынша баланың ішінде ерке өстім, ешқашан менің қалауыма қарсы шықпаған, мені "қызым, бұлай болмайды" деп шектеген емес. Мен бала кезімнен мектептегі "Көркем өнерпаздар" үйірмесіне қатыстым, сабақты жақсы оқыдым, кейіннен музыка мектебіне бардым. Сондықтан менің талабымды шектемеді", - деді ол.
Өнер иесінің айтуынша, әкесі өмір бойы теміржолда еңбектенген.
Менің әкем еңбектің адамы. Ол теміржолда жұмыс істейтін. Сегіз баланы өсіріп, асырап, жетілдірді. Әрқайсысының тойын жасады. Шынын айтқанда, бәріміздің қызығымызды көріп кетті. Қазақ отбасында баланы өсіресің, оқытасың, отбасын құрып бересің, тойын жасайсың, сосын олардың қызығын көресің. Менің әкем осының бәрін көріп кетті, еңбегі ақталды. Бала кезімнен әкемнің таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйге шаршап келетінін көріп өстім. Келген кезде анам дастарқанын жайып, тамағын жасап, шайын қайнатып, "әкең келе жатыр" деп бәрімізді тәртіпке шақыратын. Біз де бұған жауапкершілікпен қарайтынбыз. Әкені құрметтеу отбасыдан басталады. Анамыз әкемізді қалай құрметтесе, балаларды да соған үйретті. Әкеміздің барлық тапқан-таянғаны отбасы, балалары үшін.
Ол әкесінің ешқашан "Роза Рымбаеваның әкесімін" деп кеудесін қақпағанын жеткізді.
"Әкем менің жоғары атақ алғанымды, жеңісімді көріп кетті. Жеке ән кешіме қонақ болып кетіп, анам екеуі көздеріне жас алып, үндемей қарап отыратын. Ешқашан "мен Роза Рымбаеваның әкесімін" деп кеудесін соққан емес. Қазіргі кейбір ата-аналар секілді әлеуметтік желідегі парақшаларында өзін жарнамаламаған. "Ол баламның өзінің еңбегі, қызметі, жетістігі" деп сырттан ғана қуанып отыратын. Әкем үйдегі кез келгенімізге солай қарайтын. Қуанышқа ішінен ғана қуанатын, қатты тойлап, елге жар салып, ішу деген болмапты. Әрине, барған жерінде "бұл Розаны әкесі" деп құрметтеп, сыйлап отырады", - деді әнші.
View this post on Instagram
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә