16 жасымда сүйген адамым арымды таптады. Алматылық Жанар Маратқызы "Көреміз" студиясында жағаұстатарлық жайтты бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бойжеткенді көңіл қосқан жігіті абыройдан айырып, аяғы ауыр екенін білгенде ізім-ғайым жоғалған. Жанар есімді бойжеткен өзінің басынан өткен оқиғаны айтып, TikTok желісіне видео түсірген.
"Менің есімім - Жанар. Жасым 18-де. Мен 16 жасымда, яғни кәмелет жасқа толмаған кезде осы оңбаған мені алдап-арбап, зорлық-зомбылық жасады. Менің әкемнің жоқтығын, анамның 1-ші топтағы мүгедектігін пайдаланды. Білгенін жасап кетті, оңбаған. Менің аяғымды ауыр қылып кетті. Қазір менің 9 айлық қызым бар. Осы оңбағанның кесірінен біраз зардап шектім, елге қара бет болдым. Ағасы да, жеңгесі де біреуі келіп менің жағдайымды сұрамайды", - дейді видеодағы қыз.
TikTok желісінде жарияланған бұл видео жұрттың жағасын ұстатты.
Бағдарламаға келген Жанар ол жігітпен қалай танысқандарын айтып берді.
"2021 жылы сәуірдің 20-сы күні таныстық. Ол кезде жасым 16-да болды. Оның есімі - Бағлан. Қазір жасы 25 немесе 26-да болуы керек. Ол менің 16-да екенімді білді. Біз whatsapp арқылы таныстық. Менің нөмірімді оған жеңгесі берген. Оның жеңгесі - Айсұлумен мен жатақхананың ауласында таныстым. Көрші тұрамыз. Кейін жігіт мені кездесуге шақырды. Өзінің бойдақ екенін, мені ұнатып қалғанын айтты. Мен оның әйелі, бала-шағасы бар екенін білмедім", - дейді бойжеткен.
Содан соң Жанар алғашқы жыныстық қатынас қалай болғанын айтты.
"Екі ай кездестік. Маусымда "сені қалап жүрмін" деген секілді жыныстық қатынас жайлы әңгіме көп айтатын. Мен "некесіз ол күнә болады, болмайды" деп жүрдім. 24 маусымда киноға бармақ болғанбыз. Сыртта күтіп отыр едім, басымды жуып шығамын, ұзақ күтіп қалуың мүмкін, үйге кіріп күте тұрсайшы деді. Ол кезде үйінде ешкім жоқ болатын. Мен барғанда басын жуып болып, сүлгімен сүртіп жатыр екен. Терезеге қарады да, ешкім жоқ екенін көргеннен кейін есікті кілтке жауып қойды. Мен зорлық-зомбылық болатынын сездім де, мен сыртта күтейін деп едім. Қайда барасың, мен саған жамандық жасамаймын, неден қорқасың деді. Қолымнан ұстап, төсекке қарай тартты", - деді Жанар.
Жігіт оны әйел етіп алатынын айтып алдаған.
"Әйел етіп аламын" деді. "Анасымен таныстарамын" деді. Сондықтан одан кейін де жыныстық қатынаста болып жүрдік", - дейді қыз.
Тіпті бойжеткен өзіне қол салмақ та болған.
"Бұл жігітке алданып қалғанымды анама жүкті кезімде, қараша айында айттым. Өз-өзіме қол салмақшы болдым. Өлсем, айтып өлейін деп ойладым. Ол кезде жүктілігімнің 4 айынан асқан кезі болатын. Анам қатты ашуланды", - деді Жанар.
Жанар жігіттің анасымен танысқанын да айтты. Қыздың айтуынша, жігіттің анасы оған баласы бойдақ екенін жеткізген, "немере сүйсем болды" деген.
Бағдарламаға Жанардың анасы да келді. Ол кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды.
"Қызым тұйық, ешкімге ештеңе айта бермейді. Барлығын өзім шешемін деп ойлайды. Кінәлілер заң алдында жауап берсе екен. Қызымның болашағына балта шауып, өмірін ойрандады. Қолмен істегенді мойынмен көтерсін", - деді Жанардың анасы.
Қыздың айтуынша, Бағлан да, оның әйелі де оған тоқал болуды ұсынған.
Бағлан жұбайымен және 4 баласымен Түркістан облысы, Шардара қаласында пәтер жалдап тұрады екен. Бағлан да, оның әйелі де балаға қатысты күмән бар екенін айтты.
"Менікі емес деген күмән. Мен оның 16 жаста екенін білген жоқпын", - деп ақталды Бағлан.
Бағлан көрермендерге оның Жанармен танысуының өз нұсқасын айтты.
"Шардара қаласынан Алматыға СТО-ға жұмысқа келемін. Кейін әйелім екеуміздің арамызда түсінбеушілік болып, ұрысып қалдық. Әйелім екеуміз ұрысып қаламыз. Кредит төлеп, қиналып жүремін. Квартирада жиеніммен және ініммен тұрдым. Телефоныңды бере тұршы деді біреуі. Ватсаппен сөйлесіп алайыншы деді. Мен емес, Жанарға сол жігіттер жазған менің нөмірімнен. Содан кейін әңгіме жалғасып кетті. Біріншіде сезім болған жоқ", - деді жігіт.
Бағлан егер Раяна оның қызы болып шықса, жауапкершіліктен қашпайтынын айтты.
"Жанарды ұнатамын. Егер бала менікі болып шықса, қаражатпен көмектесемін. Әкем жауапкершіліктен қашпа деді. Тегімді беремін, алимент төлеп, көмектесемін. Сеннен кешірім сұраймын. Екеуміздің махаббатымызбен болған нәрсе. Егер Раяна менікі болса, менімен тұруға дайын болсаң, алып кетуге дайынмын. Егер бармаймын, анамды тастамаймын десең, келіп тұруға, уақыт бөлуге қаражатпен көмектесуге дайынмын", - деді ол.
Сонымен 10 айлық Раянаның әкесі кім? ДНҚ қорытындысы бойынша, биологиялық туыстық ықтималы - 99,9 пайыз.
"Мен баршадан кешірім сұраймын. Анасынан да, Жанардан да кешірім сұраймын. Осы уақытқа дейін қиналғандарыңызды түсініп тұрмын", - деп кешірім сұрады Бағлан.
Бағдарламадан соң медиатор екі тараптың міндеттемелерін тыңдап, медиациялық келісім жасады.
"Бағлан 10 айлық қызына әр ай сайын табысының 1/2 бөлігін төлеуге міндеттелді. Құрметті тараптар, медиациялық келісім бойынша, Бағлан алимент бойынша төлемейтін болсаңыз, Жанар ханым медиациялық келісімді сот орындаушыға өткізіп, сізден сот орындаушының жұмысы арқылы карточкаңызды бұғаттап, шығуыңызға шектеу жасап ары қарай өндіруге құқылы", - деді медиатор Гүлнәр Тілеубалдиева.