- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мені қалай пышақтағанын...
"Мені қалай пышақтағанын білмеймін" - Ақтөбеде анасы мен ағасы адам қолынан қаза болған қыз оқиға туралы
Ақтөбеде биыл көктемдегі ана мен бала өліміне қатысты іс бойынша сот жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Актобе Таймс" және "Диапазон" басылымдарына сілтеме жасап.
Еске салайық, жантүршігерлік қылмыс 29 наурызға қараған түні Победа даңғылындағы №30 үйде болған. Сол кезде Екатерина Гетина мен оның 16 жастағы ұлы Вадим адам қолынан қаза тапты. Онда тек Екатеринаның 13 жастағы қызы София ғана аман қалды. Қылмыскер қызды ауыр жаралап, оны өлді деп ойлап, қылмыс орнынан қашып кеткен.
Сәуірдің аяғында ұсталған адам тергеу изоляторында асылып өлді, ол қалдырған хатында кісі өлтіруге қатысы бар адамның аты-жөнін айтқан. Марқұмның туыстары оның кінәсіздігін дәлелдемекші, сондықтан іс сотқа дейін жеткен.
Жақында 13 жастағы София сотта куәлік берді. Ол сотта таңғалдыратын мәліметтерді айтты.
"Мен дыбыстан ояндым, біреу тұншығып жатқандай дыбыстар шықты. Залға кірсем, ағамды көрдім. Сол жерде ұзын бойлы, арық, панама киген бір адам тұрды, ол үйде басқа біреу бар ма деп сұрады. Мен білмеймін дедім. Ол мені тұншықтырып, еденге құлата бастады, мен қарсылық көрсетпек болдым, оның қолын алмақ болдым, бірақ кейін есімнен танып қалдым. Мені қалай пышақтағанын білмеймін, мен ол кезде ес-түссіз жатқанмын. Есімді жиғанда ол жоқ екен. Менің ағам жақын жерде жатты, басы қанап жатқанын көрдім", - деді бойжеткен сотта.
София қансырап жатқандықтан, ұялы телефонындағы нөмірді теру қиынға соққан, сондықтан жедел қоңырауды қосу үшін телефонындағы құлыптау түймесін алты рет басқан. Бірақ бастапқыда оның көмек сұрағанын әзіл ретінде қабылдаған.
"Қанша рет қоңырау шалғаным, қоңыраулар қанша уақытқа созылғаны есімде жоқ, қазір бір қоңырау ретінде ғана есіме түседі. Бір қоңырауда мен ағамның қаза тапқанын, мойнымда тесік бар екенін, орнымнан тұра алмайтынымды түсіндірдім. Бір рет маған: "Бала, ойнама" деді де, анамның телефон нөмірін беруімді өтінді. Сосын көрші бөлмеде телефон шырылдағанын естідім, олар анама қоңырау шалды", - деп еске алады София.
Көмек күтпестен, жаралы қыз ваннаға жетіп, айнаға қарап, қанды көріп, қайтадан есінен танып қалады. Ол есін жиған соң тағы жедел жәрдем шақырған. Нәтижесінде жедел әрекет ету қызметінің кезекші бекетінің операторы көмек сұраған адамның түсініксіз жауаптарына қарамастан, алғашқы қоңыраудан 55 минут өткен соң ғана оқиға орнына жедел жәрдем шақырған. София бір сағатқа жуық уақыт бойы ауыр жарақаттан қансырап өлген ағасының қасында жалғыз болған екен. Жедел жәрдем дәрігерлері келіп, оны аман алып қалды. София 12 күн реанимацияда болды, содан кейін ол палатаға ауыстырылды. Ауруханада жатқанда ол сол түннің барлық жай-жапсарын дәптерге жазып алған.
Ол өзіне шабуыл жасаған адамды дауысы мен дене бітімінен анықтады, оған ұсталған адамның жауап алу жазбалары көрсетілген. Қыз шабуылдаушы сол екеніне сенімді.
Қыздан анасы мен ағасының дұшпандары болуы мүмкін бе, қаржылық қиындықтар болған ба деп сұрады. София олардың жақсы өмір сүріп жатқанын, қаржылық қиындықтар болмағанын айтты. Марқұм Екатерина екі жұмыста жұмыс істеп, ипотека төлеген.
Сондай-ақ, сот айыпталушының өз-өзіне қол жұмсау туралы хатында аты-жөні көрсетілген куәгерден де жауап алды. Бұл айыпталушының танысы, бұрынғы салық қызметкері. Сотта ол айыпталушыны соңғы рет 2021 жылы көргенін, ол қарызға ақша алғанын және оның біраз бөлігін әлі күнге дейін қайтармағанын мәлімдеді. Қылмыстан кейін полицейлер одан өтірік детекторы арқылы жауап алған және ол айыпталушымен қарыздан басқа ісі болмағанын, өзіне қол жұмсау туралы хатта аты-жөнін көрсету арқылы жала жапқанын айтып сендіреді.
Айыпталушы ерлерге арналған киім дүкенінде кеңесші болып жұмыс істеп, кісі өлтіруден аз уақыт бұрын әскерден оралған. Анасы ұлының кісі өлтіруі мүмкін екеніне сенбейді. Сотта ол ұлымен соңғы кездесуінде ол мұны істемегенін айтқанын айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Шәріпхан