Қарағандылық полиция қызметкері зейнеткерді алаяқтарға ақша аударудан арашалап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысы бойынша ІІД Криминалдық полиция департаментінің жедел іздестірушісі Данияр Нарынбековтің қырағылығының арқасында интернет-алаяқтар тобы жоспарын толық орындай алмай қалды.
24 тамызда Қарағандыда полиция қызметкері қызметтен тыс уақытта дүкенге кіріп, терминалға барып, есепшотын тексере бастаған. Осы кезде ол жанында егде әйел тұрған терминалға назар аударды. Зейнеткер ұялы телефонмен үнемі біреумен сөйлесіп, абоненттің кеңесіне сүйене отырып, терминал экранында "Банктік қызметтер" бөлімі түймесін басқан.
"Мен зейнеткерді біреудің алдап жатқанын түсіндім. Ол ұялы телефоннан естілген дауыстың бұйрығы бойынша әрекет етіп тұрды. Әйел сөмкесінен қолма-қол ақша шығарды. Мен оған жақындап, өзімді полиция қызметкерімін деп таныстырып, қызметтік құжатымды көрсетіп, ұялы телефонын беруін өтіндім. Ұялы телефонды алғанымда телефоннан "Ешкімге ештеңе айтпа! Олар алаяқ болуы мүмкін!" деген сөздерді естідім. Мен: "Сен кімсің" деп сұрадым, "Нұр-Сұлтандағы Ұлттық банк қызметкері" деген жауап келді. Полиция қызметкері екенімді айтқан бойда телефонды бірден басып тастады", - деді Нарынбеков.
Сөйтіп, полиция қызметкерінің кәсіби шеберлігінің арқасында 69 жастағы қала тұрғыны бір топ алаяқтар құрған тұзақтан аман шықты.
"Мен олардың арбауына түсіп, не істеп жатқанымды түсінбей қалдым. Даниярға уақытында жанымнан табылғаны үшін рақмет. Ол мені полицияға шақырып, бәрін түсіндірді", - дейді зейнеткер.
Банктердің бірінде әйел шотын толтырған. Ол банктен шығып, ұялы телефон арқылы ақшаның келген-келмегенін тексергісі келген. Осы кезде оған алаяқтардан қоңырау түскен.
"Таныс емес нөмір қоңырау шалды. Бір әйел өзін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық банктің қызметкерімін деп таныстырды. Ол кейбір алаяқтардың менің атымнан несие алмақ болғанын айтты. Бірақ қауіпсіздік қызметінің арқасында олардың әрекеті залалсыздандырылды. Ал қазір алаяқтарды анықтау операциясы жүріп жатыр. Операцияға полиция қызметкерлері де қатысып жатқанын, бұл ретте маған маңызды рөл жүктелетінін және бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпауымды ескертті. Ал мен сол гипноздың ықпалына түсіп, күйеуіме де ештеңе айтпадым. Менімен, былайша айтқанда, үш алаяқ бірден "жұмыс істеді": біреуі банк қызметкері болып көрінді, ал екеуі - полиция қызметкері мен тергеуші. Барлық жағдай олардың бақылауында екенін айтты. Ал алаяқтарды анықтау үшін банктен 4 миллион теңге несие алуым керек. Мен зейнеткер екенімді айттым, ондай соманы шығаруға рұқсат бермейтінін ескерттім. "Олар қанша берсе, сонша ал", - деп кеңес берді. Банк маған 600 мың теңге берді. Алаяқтардың нұсқауымен дүкенге кіріп, ақша жіберу үшін терминалға бардым. Осы уақыт бойы бұл алаяқтар мені басқарып, адамдардан аулақ болуды үнемі ескертіп отырды. Тағдыр ғой, ақша аударайын деп жатқанымда, қасымнан полиция қызметкері табылды. Оған шын жүректен ризамын", - дейді зейнеткер.
Әйел несиені банкке қайтарған, банктің зейнеткерге ешқандай қаржылық талаптары жоқ.
"Ұлттық банктің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан адамдарға телефон соқпайды. Сондықтан өздерін олай таныстыратындармен әңгімеге кірмеңіз. Иә, кейбір мәселелерді түсіндіру үшін банк менеджерлері клиенттерге телефон соғады, бірақ бұл үшін олар ресми бес таңбалы телефон нөмірлерін пайдаланады", - деп кеңес берді құқық қорғаушы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!