Атыраулық Денис Владимирович есімін өзгертіп, Ислам дінін қабылдаған. Оның ұлты - орыс. Massaget.kz тілшісі Дәуітпен әңгімелесті.
Ол балалар үйінде тәрбиеленіп, қиындықты көп көрген. Кейін Денис Ислам дінін өз еркімен қабылдаған. Тіпті есімін де өзгерткен.
"Мен Денис емеспін. Мұсылманша азан шақырып қойған есімім бар. Мені Дәуіт Аманжолов деп айтыңыздар" - дейді ол.
Қазақ тіліне судай Денис Исламға қалай келгенін айтты.
"Балалар үйінде тәрбиелену бір басқа да, жасымыз келіп, өскен ортамыздан кету бір басқа. Балалар үйінен кеткеннен кейін алғашында абдырап қалғаным рас. Тіршіліктің қамымен әр жерде арба сүйреп, базардан нәпақамды тауып жүрдім. Түрлі сынақтар болды. Алайда адам баласы есейгенде жүрегіне тыныштық іздеп, Құдайды тануға талпынатын сәттер де болады. Ұлтым орыс болғандықтан, шіркеуге барып, құлшылық еткім келді. Бірақ шіркеуден ішкі сырыммен бөлісетін орта таппадым. Ойлана келе мешітке қадам бастым. Көп ұзамай саналы түрде шешім қабылдап, тілімді кәлимаға келтіріп, мұсылман болдым. Сүндеттелдім" - дейді Денис.
Қазір Денис орталық "Иманғали" мешітінің қайырымдылық бағытындағы жұмыстарына белсене араласып, мұқтаждарға көмектесіп жүр. Мешітке деген риясыз қызметіне риза болған жомарт жандар жақында Дениске кіші қажылыққа жолдама да сыйлаған.
"Өзімді жоғалтқан сәттерде жаныма жылулық беріп, қолдау көрсеткен қазақ халқына алғысым шексіз. Алға қарай ірі қайырымдылық мекемесін ашып, мұқтаждарға көмек көрсеткім келеді. Адамдардың риясыз алғысынан асқан бақыт жоқ екенін түсіндім", - дейді Денис.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!