- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мені "Аманат" партиясына...
"Мені "Аманат" партиясына қарсы қою әбестік". Бауыржан Ердембековтің не үшін жұмыстан босатылғаны белгілі болды
Шәкәрім университетінің ректоры – басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековтің жұмыстан босатылуына университеттің ұжымы наразылық білдірген болатын. Олардың айтуынша, Шәкәрім университетінің ректоры ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен босатылған. Бұған қатысты Бауыржан Ердембековтің өзі facebook әлеуметтік желісінде түсініктеме берді.
"Бұл дүрбелеңнің басы менің өз еркіммен ешкімнің күштеуінсіз, қолқалауынсыз "Аманат" партиясынан ерікті түрде шығуыммен байланысты-тын. Жаңа Қазақстанды құру жолында президентіміз өзі бастап осы партиядан шықты емес пе? Сонан кейін қай партияда болу немесе болмау әр адамның өз құқы ғой. "Аманат" партиясынан шығу – оппозиция немесе президентіміздің ұстанып отырған саясатына қарсы", - деген біржақты көзқарастан арылатын кез келді. Менің ол партияға ешқандай қарсылығым немесе партияның маған наразылығы жоқ. "Аманатты" - маған, мені "Аманатқа" қарсы қою әбестік!", - деді ол.
Бауыржан Ердембековтың айтуынша, министр өзінің жұмыстан босатылуына қатысты бірнеше себеп айтыпты.
"Министр С.Нұрбек кешегі Үкімет сағатында университет түлегі, ҚР Парламент депутаты Р.Зайытовтың "Б.Ердембеков не үшін қызметтен шығарылды" деген сұрағына "сайлаудың кезінде бірнеше басшылық тарапынан заңнамаға қарсы шығаратын әрекеттер болды, екіншіден, университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштерде толыққанды жүзеге асырылмаған" (министрдің айтқан сөзі өзгеріссіз алынып отыр) деген жауап айтты", - деп жазды ректор.
Ол бұған қатысты бірнеше қарсы пікір айтты.
Алдарыңыздағы жауапқа менің жауабым: "Аманат" партиясынан шыққаныммен заңға қайшы еш әрекет жасамадым. Оған Алла куә. Жалған айтсам Шәкәрім қажының аруағы кешірмесін! Оны кез келген жерде дәлелдей аламын. Мені 2023 жылғы 13-ақпандағы Республикалық комиссияның хаттамасы негізінде шығарып отыр. Ал енді "университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштерде толыққанды жүзеге асырылмаған" деген мәселені ректордың есебіне қатысты айтып отырған болса, ол есеп 07.05.2023 ж. уақытта болды. Бұл мәселе жұмыстан шығарылған бұйрыққа тіпті қатысы жоқ, министрдің кемшілікті жамай берейін деген ойы болса керек. Шәкәрім университеті стратегиялық индикаторды орындауда, университеттер ішінде алдыңғы қатарда екеніне комиссия да, күллі министрлік те куә ғой. Әрине, кемшілік табам десе, әлгі бұйрыққа жамаймын десе, қазбаласа табады ғой, бірақ мәселе басқада....", - деді ол.
Ол бұйрықпен келіспейтінін айтты.
"Қысқасы, бұл бұйрықпен келіспедім. Заң аясында қарекет қыламын. Ал, 12-мамырдан бастап мені қорғап, қолдап жатқан Шәкәрім шаңырағының ұжымына, аты алысқа кеткен профессор ақсақалдарымыздан бастап кеше ғана студент атанған жастарға басымды иемін... Жасыратын несі бар, 13 ақпаннан 11 мамырға дейін үш ай аралықта "Ердембековті әне алады екен, міне алады екен" деген қаңқу сөздер менің де, ұжымның да, тіпті студенттердің де жүйкесін жұқартты. Бұйрықтың себебін іздеген ұжым мен студенттердің наразылықтарын басу үшін қарсы ұйымдастырылып жатқан топтарға айтарым, Шәкәрім шаңырағын жан-жақтан қыспаққа алуды тоқтатыңыздар...", - деді Бауыржан Ердембеков.
Ол ұжымның наразылыққа шығуы өздерінің қалауы екенін, бірде-бір адамға мұндай қолқа салмағанын айтты.
"Менің қызметімде қалуым үшін қарекет қыл", - деп ұжымның (қызметкерлер, оқытушылар, студенттер) бірде-бір мүшесіне салмақ салмадым. "Жұмыстан қуылған ректор студенттерді наразылыққа итермелеуде" - деген жаланың жалғандығын сол студенттердің көзіндегі жас, көңіліндегі кіршіксіз ойлары айтып тұр ғой. Сондықтан онсыз да осы асығыс шешімнен абдырап қалған ұжымға тыныштық керек! Мені күйдіргені – "Шәкәрім университетінде басшы ауысқан сайын шалдар бір-екі күн шулайды да қояды", - деген белгілі бір топтардың шолақ ойлы пікірі. Қадірлі жанашыр жұрт маған ректорлық креслодан Сіздердің сенімдеріңіз мың есе қымбат. Тілеулес болып жатқан Елге мың алғыс!", - деді ол.
Айта кетейік, Бауыржан Ердембеков 2021 жылғы ақпанда Шәкәрім университетінің ректоры қызметіне кіріскен.
Т. Раушанұлы