Қазіргі таңда шетелде еңбек етіп, табыс тауып жүрген жастар көп. Соның бірі - Оңтүстік Кореяда көлік сату кәсібімен айналысып жүрген Болсынбай Абдолла. Кәріс халқының өмір сүру салты, ерекшеліктері туралы 23 жастағы кәсіпкермен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Анамды көруге келдім"
Болсынбай Абдолла - Жамбыл облысының тумасы. Ол Оңтүстік Кореяға анасының шақыртуымен келген.
"Негізі актерлік өнер мамандығында білім алғанмын. Үш ағайындымыз, әпкем мен інім бар. Кореяға көшкенге дейін Тараз қаласында тойға шығып, видео түсіріп жүрдім. Анам бес жыл бойы Оңтүстік Кореяда қара жұмыс істеді. Оны бес жыл бойы көрмедім. Сөйтіп, бес жылдан кейін анам мені шақырып, 2022 жылы 1 мамырда осында келдім. Бар ойым - тек қана анамды көріп, сонымен жолығу еді. "Ұнаса жұмыс істерсің, ұнамаса қайтарсың" деген еді. Жұмысын қарап көрдім. Бірақ ұнай қоймады. Ақшасы жақсы болған соң қалуды ұйғардым", - деді ол.
Оның айтуынша, жұмыс табу қиынға соқпаған.
"Анам бес жыл жұмыс істеген соң дұрыс-бұрысын айтып, түсіндірді. 1 ай адаптациядан өттім. Кейін тез үйреніп кеттім. Тіл жағы қиындық тудырмады. Жейтін тамағың мен баратын жеріңді түсініп, біліп алсаң болды. Кореяға келген соң төртінші күні зауытқа жұмысқа шықтым. Маған берген бір күндік ақшасы 34-35 мың теңгедей болды. Ал ең көп тапқаным цехта жұмыс істеген кезде бір күнде 50-55 мың теңге таптым", - деді ол.
"Жұмыс таңғы 6-да басталады"
Абдолла жұмыстың таңғы 6-да басталатынын айтты.
"Мұнда жұмыс беретін кеңседе бастықтар отырады. Оны санушел деп атайды. Жұмыс іздеген адам сол жаққа барады. Басшылар қандай жұмыс береді, кез келгеніне бара беру керек. Содан кейін сенімдерінен шығып, тұрақты жұмысқа орналасуға болады. Бір қызығы, бұл жақта жұмысқа орналасу үшін құжат сұрамайды. Жұмыс кестесі таңғы 6:00-де басталады", - деді ол.
Кәрістер ерте келген жұмысшыларды қатты бағалайды.
"Кеңсе ашылған кезде ерте барып күтіп отырған жұмысшыларды басшылар бағалайды. Соларға сенім артып, жұмыстарды бөліп береді. Негізі бұл жақта бір күндік, 1-2 сағаттық және тұрақты жұмыстар бар. Бір ерекшелігі - 8 сағаттық жұмыс біткен соң кешкі ас беріледі. Тағы да 1-2 сағат қосымша жұмысқа қаламын десеңіз оған арнайы ақы төленеді", - деді ол
"Жастар үлкендерге орын бермейді"
Оның айтуынша, Оңтүстік Корея халқы тәртіпке қатты бағынады. Тек заңмен жүреді.
"Мұнда көлікпен жүру ережелері өте қатты сақталған. Халқы өте сыпайы, мазасызданбайды. Маған ұнағаны - оқу бітірген жастар, жасы үлкен кісілер өте ізденімпаз. Тіл үйренеді, білімдерін шыңдайды. Күнделікті қара жұмыс істемес үшін үнемі өздерін дамытып отырады. Бірақ біздің елдегідей жастар үлкен кісіге орын бермейді. Орын берсе - "мені аяп жатыр" деген түсінік қалыптасқан", - деді Абдолла.
Абдолла кәрістер жұмысшыларды қатты құрметтейтінін айтты.
"Мемлекеттік сақтандыру 100 пайыз жұмыс істейді. Егер көлігімен соқтығысып қалса, арнайы агенттерін шақырады. Ары қарай сол агенттері жұмыс істейді. Жалпы Кореяға еңбек күші керек болғандықтан халқы еңбек адамдарын қатты құрметтейді, жағдайларын жасайды. Тіпті жарақаттанып қалсаңыз, басшылар да сізге сол күнгі ақшаны айлығыңызға қосып береді. Өте еңбекқор халық деп айтар едім", - деді ол.
"Қазақстанға көлік жіберумен айналысамын"
Абдолла қазір Қазақстанға Оңтүстік Кореядан көлік жіберу қызметімен айналысады.
"Бұл жақта да видео түсіріп беру бойынша қызмет көрсетіп жүрдім. Көлік саласында жүрген ағалардан видео түсіріп беру туралы ұсыныс түсті. Ұсынысты қабыл алып, кейін өзім де осы идеяны жүзеге асырғым келді. Мүмкіндігім бар болғаннан кейін жаймен бастадым. Қазіргі таңда Кореядағы көлікке тапсырыс берген қазақстандықтардың талабын орындап, сол қызметімізге ақша аламыз. Мәселен, кез келген қазақстандық "Кореядан мынадай көлік керек еді" деп айтады. Сол көлікті арзан бағада тауып беріп, құнын және қызметіміздің бағасын айтамыз. Ақшасын жіберген соң көлікті салып жібереміз. Бізде жүйе сондай",- деді ол.
Оның айтуынша, кәрістің көліктерін алған тиімді.
"Қазақтардың бір бөлігі кәрістің отандық көліктерін жақсы көреді. Ал енді бірі неміс, еуропалықтардың көліктеріне тапсырыс береді. Дегенмен, кәрістің көлігін алғаны негізі тиімді. Бағасы жылдарына қарай әртүрлі болады. 2012 жылғы көліктер 1 200 000 - 1 500 000 теңге, оған қызмет құны, жеткізу бағасы бар. Ал 2022-2023 жылғылар 10 миллион теңгеден басталады. Көлік алам дейтіндер болса, көбінесе бағасы арзан емес, қымбат көліктер алғаны дұрыс. 15 миллион теңгелік көлік алса, 1,5-2 миллион теңгедей өз қалтасынан үнемдейді. Қазақстандағы бағамен салыстырғанда 30-35 пайызға қымбат. Жалпы Кореядан Қазақстанға салып жіберетіндер көп. Сондықтан сенімді компания іздегені дұрыс. Қазір алдап кететіндер көп кездеседі", - деді ол.
"Той тек бір сағат болады"
Кәрістердің неше түрлі дәстүр, өмір сүру ережелері бар.
"Олардың кез келген затты ұсынған кезде "екі қолмен беру керек" деген ережесі бар. Тағы бір қызығы - бұл жақта кез келген тамақта күріш береді ғой. Сол күріштің біреуін де қалдырмай, барлығын жеп қою керек. Күрішті қоқысқа тастауға болмады", - деді Абдолла.
Кәріс тойы тек бір сағат қана болады.
"Кәрістердің тойларына қатысқанмын. Тек бір сағат болады екен. Қыз жігітке, жігіт қызға сәлем салу деген дәстүрлері бар. Жалпы тойлары қызық емес өтеді екен",- деді ол.
"Денсаулықты тексертіп келіңіздер"
Абдоланың айтуынша, Оңтүстік Кореяда тіс емдету өте қымбатқа түседі.
"Бұл жақта тамақтан мәселе жоқ. Өзіңіз қалаған асхананы таба аласыз. Кәріс медицинасы өте жақсы дамыған. Соған сай құны да өте қымбат. Дегенмен, сәби туатын кезде көп келіншек баласын ота арқылы дүниеге әкеледі. Емделу құны қымбат болғандықтан кез келген тұрғын медициналық сақтандырумен жүреді. Бұл жақта ең көп қаражат тіс емдетуге кетеді. Сол үшін кәрістер 3-4 мезгіл тістерін тазалайды. Ең алғаш келгенде менің де тісім ауырып, біраз шығындалғаным бар", - деді Абдолла.
Ол Оңтүстік Кореяға келетіндер қалтасына 2000-2500 доллармен келсе, алғашқы айларының шығындарын жаба алатынын айтты.
"Жалпы мұнда келгісі келетін адамға 2000-2500 доллар жетеді. Алғашқы 1-2 айда көп қаражат керек болады. Бастысы - денсаулықты тексертіп келіңіздер", - деді ол
"Үйге жаяу 3 сағатта әрең жеттім"
Абдолла бос уақытында Кореядағы қазақтардың арасында той, түрлі іс-шараларды жүргізеді.
"Кореяда өзбек, қазақ, қырғыз, орыс тұратын арнайы аудан бар. Қазір біз сол жақта тұрамыз. Оның бір кемшілігі - тіл үйренбейсің. Тек дүкенге шыққанда ғана кәрістермен сөйлесесің. Көлік кәсібінен басқа Кореядағы қазақтардың арасында асабалық қызмет атқарамын. Той өткізгенде кейбір келіндер орамалды ұмытып кетіп, орамалсыз бет ашқан кездер болды. Сондай-ақ, қазақ аудиториясына ютуб арнасында қызықты блог жүргіземін", - деді ол.
Оның айтуынша, кәріс бастықтар алдап, үйге жаяу қайтқан кездері де болған.
"Бірде жұмысқа барып, ыстық жерде тамақты дайындап, суық тоңазытқышқа апарып салатын болдым. Алайда, жұмыстың соңына дейін шыдай алмай қайтып кеткенмін. Тағы бірде бастықтармен келіспей қалдым. Олар мені болмайтын жұмысқа жіберіп, алдаған. Таксимен қайтуға қосымша ақша алуды ұмытып, 7 шақырым жолды жаяу жүрдім. Сөйтіп, 3 сағатта әрең үйге жеткенмін", - деді ол.
"30 күнге ғана рұқсат береді"
Абдолла Кореяға келетіндерге тіл ешқандай кедергі емес екенін атап өтті.
"Оңтүстік Кореяға келетіндерге тіл маңызды емес екенін айтқым келеді. Жұмыс табу да мәселе емес. Бастысы мидағы қорқынышты жою керек. Келгенде нақты мақсатпен келу керек. Бір машина, бір үй деп материалдық жағдайды ғана ойлауға болмайды. Елімізге де бұл жақтағы озық технологияны апарып, дамуына үлес қосуымыз керек. Бірақ Кореяға келу үшін Қазақстандағы eGov сайты секілді арнайы сайттан рұқсат алу керек. Олар рұқсат берген кезде ғана келуге болады. Сайт 30 күнге рұқсат береді. Қазір жұмыс істеп жатқандардың көпшілігі визасыз еңбек етіп жүр", - деді ол.
Қазір Абдолла құрған Кореядағы қазақтардың ортасы да бар.
"Мұнда келгенде алғашында орта таппаған едім. Әбден үйреніскен соң Кореядағы қазақтардың сондай ортасын құрдым. Жиі бас қосып, жиын жасап, шығармашылығымызды бөлісіп, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы өнер саласындағы аға-әпке, бауырларымыз мұнда жиі келіп тұрады. Оны жеке кәсіпкерлер, осы жақтағы Қазақстан елшілігі шақыртады. Маған да сондай кештерді жүргізуге шақыртулар жиі түседі. Жақында ортамыздың кешіне әнші Ақбот-Нұр Сейтмағамбет әпкемізді шақырдық. Алдағы уақытта тағы да өнер адамдарын шақырғымыз келеді",- деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз! саға