Премьер-Министрінің орынбасары - қаржы министрі Ерлан Жамаубаев Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алу рәсімінде қанша заңбұзушылық анықталғанын атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл 5 айда камералдық бақылаумен 6,2 триллион теңгеге 209 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылған.
Тексеру қорытындылары бойынша 31 550 рәсім бойынша заңбұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91 пайызын орындады.
902 аудиторлық іс-шара өткізілген. Аудитпен бюджет қаражатының шамамен 383 миллиард теңге қамтылды.
Шамамен 55 миллиард теңге сомасында қаржылық заңбұзушылық анықталды.
Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 43 миллиард теңгеге заңбұзушылық жойылды.
Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 936 ұсыным берілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!