Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бүгінде Қазақстанның қарызы 27 триллион теңгеден асқанын айтып, қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жалпы қарыз алу қарыз ау немесе борыштың болуы экономикаға қауіп төндірмейді. Қарыз алу дүниежүзінде қалыптасқан практика. Мысалы, ірі инфрақұрылымдық немесе әлеуметтік жобаны шұғыл іске асыру керек болса, қарыз алынады. Қазір мемлекет борышының деңгейі – 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызына тең. Сондай-ақ мемлекет белгілеген лимит – 32 пайыз. Басқа дамыған елдерді қарайық. Мысалы, көптеген дамыған елде мемлекеттік борыш деңгейі жалпы ішкі өнімнің 60 пайызынан жоғары", - деді Әлихан Смайылов Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, мемлекеттің қарызы Үкіметтің бақылауында.
"Мемлекеттің борыштық міндеттемелерін кезең-кезеңімен төмендету керек. Қаржы жүйесінің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында осындай міндет қойылды. Сондықтан біз оны кезең-кезеңімен төмендетуіміз керек. Жалпы мемлекеттік борышымыз белгіленген лимиттен төмен. Бұл Үкіметтің және қаржы министрлігінің тұрақты бақылауында", - деді төраға.
БАҚ өкілі "Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27 триллион теңге дедіңіз. Бұл Қазақстан экономикасына қауіп төндірмей ме?" деп сұрақ қойды.
Әлихан Смайылов қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды.
"Жоқ, төндірмейді", - деді төраға.
Бұған дейін соңғы 4 айда Қазақстанның қарызы көбейгені хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!