Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек азаматтық авиация саласында былық көп екенін, мемлекет саладағы олқылықтарды реттей алмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Жиында Бақытжан Базарбек өзекті мәселені көтерді.
"Тұтынушылардың құқығы қорғалмай, тапталып жатқан саланың бірі – азаматтық авиация. Air Astana, Fly Arystan cияқты компаниялардың бассыздығынан, заңсыздығынан былықтары кесірінен халық шаршады. Мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, билеттерді қайтармайды, не рейстерді кейінге қалдырады. Ең сорақысы - мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Лоббистер тұтынушыларды қорғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастады. Олар әлі де күшті. Енді олар көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр", - деді депутат.
Осыған байланысты өз сауалын жолдады.
"Біріншіден, мұндағы мәселе халықаралық конвенцияда болуы мүмкін. 1929 жылы Варшава конвенциясына қосылдық. Бірақ онда тетіктер жоқ. Варшава конвенциясынан шығып, Монреал конвенциясына кіру керек шығар. Екіншіден, аэропорт және әуе компаниясы басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты. Заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па?
Сондай-ақ әуе компаниялар мен аэропорт басшылығы мүліктік жауапкершілікке тартыла ма?" - деді Бақытжан Базарбек.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәселе біртіндеп шешілетінін айтты.
"Өте өзекті мәселе. Ақшаны қайтармауға мүмкіндік болды. Қазіргі қолданыстағы заңда сондай кемшілік бар. Сол кемшілікті біз алып тастадық. Енді біздің "тісіміз" болады. Біздің құзыретіміз кеңейтілді. Бұл мәселе бізге қарайтын болады. Екіншіден, 100 пайыз ақшаны қайтармау туралы бапты заңнан алып тастадық. Енді оларда заң жүзінде ондай мүмкіндік болмайды", - деді ведомство басшысы.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев енді жұмысына салғырт қараған әуе компаниялар мен әуежайдың басшылары жауапқа тартылатынын атап өтті.
"Біз Монреал конвециясына 2015 жылы ратификациялаған едік. Ол конвеция бойынша авиажүк және жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгін біз сол конвенцияның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Енді сіз қойған сұрақтарға тоқталайын. Рейстерді кешіктіргенде және олар болмай қалған жағдайда жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бүгінде рейстерді кешіктірмеу үшін тек әуе компания емес, әуежайлардың да жауапкершілігін арттыруды қарастырып жатырмыз.
Себебі кейбір кезде әуежайдың дайындығы болмай қалған жағдайлар бар. Сондай-ақ мүгедек адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұл салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компаниялар мен әуежайлардың басшылығына беру жөнінде дайындаған түзетулер бар. Осы ұсыныспен сіздерге келеміз", - деді министрдің орынбасары.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!