- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттің ақшасын жымқырды...
Мемлекеттің ақшасын жымқырды деп сотталған БҚО спорт басқармасының бұрынғы басшысы өңір әкімімен бірге көзге түсті
Facebook-те Лұқпан Ахмедьяров есімді қолданушы БҚО спорт басқармасының бұрынғы бастығының қазіргі өңір әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге отырған суретін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, бұл сурет Оралдағы Атоян стадионында түсірілген.
"Суретте БҚО спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүслім Оңдағанов (сол жақта) БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен және БҚО полиция департаментінің бастығымен бірге. Облыстық спорт комитетінің бұрынғы басшысы бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін 12 жылға сотталды. Жақында босатылды. Сурет 2023 жылғы 18 тамызда түсірілген", - делінген жазбада.
Желі қолданушылары арасында бұл сурет қызу талқыға түскен.
"Шала Қазақстан", "Мына суретті қалай түсінеміз", "Тайпақ ауылының батырлары", "Өзіміздікілерді тастамаймыз", "Өз-өзін жақсы көретін Мүслім бір кездері өзі туралы фильм түсірген", "Не айтарымды білмеймін, өмір ғой", - дейді олар.
Өйткені Мүслім Оңдағанов қылмыстық топ құрды, бюджет ақшасы жымқырды деген айыппен 2014 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын. Кейін жазасы 9 жылға қысқарды.
Жазасын өтеу кезінде де бұрынғы шенеунік ел аузында болды. Интернетте оның басқа жазасын өтеушілермен бірге қымбат алкоголь ішіп, теледидар алдында ет жеп отырған видеосы тарады.
Ал өңір әкімдігі мәліметінше, 18 тамызда П.Атоян атындағы стадионда салтанатты түрде облыс спортшылары кәсіби мерекесін атап өткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ, ашық дереккөзде оның самбодан өңір құрамасын жаттықтырып жүргені айтылады. Мүслім Оңдағановтың өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында БҚО құрамасын дайындап жүрген сәттерінің суреттерін жариялаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желідегі суреттерге сүйенсек, 6 мамырда да самбодан БҚО құрамасымен Семейдегі жарысқа дайындалып жатқаны көрінеді.
Айта кетейік, 2020 жылғы тамызда Мүслім Оңдағанов Қостанай облысындағы колониядан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Ол жеті жыл үш ай жазасын өтеген еді, бұл - мерзімнің 2/3 бөлігі. Алайда 2020 жылғы 19 тамызда Қостанай облыстық сотының қаулысы шықты, соған сәйкес облыстың бұрынғы басшысы қайта қамауға алынды.
Ал биыл 31 қаңтарда БҚО спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүслім Оңдағанов бостандыққа шыққаны белгілі болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова