Мемлекеттік Туды пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер қандай?

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз орталығы хабарлады.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жылы 27 қарашадағы №801 қаулысымен Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және Гимнді пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына енгізілген өзгерістер жайлы айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қазанда мемлекеттік рәміздерді пайдалануға арналған қолданыстағы Заңның қағидаларын қайта қарау туралы тапсырма берген еді.

Ақтоты Райымқұлова өзгертулер енгізілгеннен кейін азаматтарымыз үшін енді Мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнама тұрғысынан кеңейгенін жеткізді.

@gov.kz

"Біріншіден, Туды жеке және заңды тұлғалар кез келген ғимаратта, оның ішінде балконда, салтанатты іс-шара өтетін орында патриоттық сезімін, отандастарын қолдау мақсатында пайдалана (орнату, орналастыруға) алады.

Екіншіден, жеке тұлғалар енгізілген өзгеріске сәйкес Мемлекеттік Туды кез келген ғимаратта (бір немесе көп қабатты) экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшелігіне қарамастан пайдалана алады.

Үшіншіден, бұдан былай жеке тұлға ғимаратта орналасқан Мемлекеттік Туды түнде жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады. Тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру талабы заңды тұлға мен мемлекеттік органдарға ғана қатысты қолданылады.

Жалпы жоғарыда көрсетілген өзгертулер Туымыздың қолданылу аясын едәуір кеңейтеді. Оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді",-деді министр.

Сонымен қатар Министр елімізде өткізіліп келе жатқан "Менің Туым, менің Отаным!" акциясы жайлы да айтты. 

"Мемлекеттік рәміздер, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де награда геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссиясының өткен жылы 23 қазандағы хаттамасына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен барлық облыс әкімдігі жыл сайын "Менің Туым, менің Отаным!" акциясын өткізіп келеді. Бұл акцияның мақсаты тұрғындар арасында мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және патриотизмге тәрбиелеу",- деді Ақтоты Райымқұлова.