Журналист Серік Абас-шах Қуандық Бишімбаевтың соты туралы жазба жариялады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаевтың соты қазақ тілінің қоғамдағы қолданылу аясы мен өзіндік орнын "тайға таңба басқандай" қылып анық көрсетіп берді.
"Мемлекеттік тілдің орны дейміз-ау, сол орынның бар екеніне аздап күмәндана бастағандаймын. Билік қазақша сөйлегенсиді, бірақ сөйлемейді. Ал бизнес сөйлемек түгіл(і) сөйлегенсуге тырысқан да емес (мемлекеттік тіліңе түкіріп қойыпты) Ал соттың түрі мынау. Қазақша сөйлегенде сөз маржанын төгетін орақ тілді прокурорлар мен ділмар шешен адвокаттарды көз алдыңа елестету қиын. Қиын дейміз ау, қиялыңа ендіре де алмайсың. Неге? Өйткені бұл тілге біз күткендей қажеттілік жоқ (оларда)", - деп жазды ол.
Серік Абас-шах сонымен бірге 2000 жылдары "Хабар" телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезде болған оқиғаны еске алды.
"2000 жылдар ғой деймін… "Хабарда" жұмыс істеп жүрген кезім. Жаңалықтар қызметіндегілерге соқсам, түсірілім кезінде бірдеңе бүлдіріп қойған бір әріптесіміз бастықтың атына түсініктеме жазып отыр екен (орыс тілінде).
- Неге қазаққа жазбайсың?
- Түсінбей қалады ғой…Қазақ тілінде шыр-пыр болып жүрген әріптесіміз бастық түсінбей қалады деп, орысша жазғанын түсінбедім алғашында. Сосын түсіндім, жазғанын жоғарыдағы кісілер дұрыс түсінбей қалса, премиядан қағылады екен ғой. Көрдіңіз бе, тіл жанашыры премиядан қағылмау үшін ардақтап жүрген ана тілін құрбандыққа оп-оңай шала салады, басқаға не өкпе онда? Сол оқиғадан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Патша да ауысты. Қазақтың саны күрт артып келеді. Ал қазақ тілінің қолдану аясында неге өзгеріс жоқ? Тағы қанша (жиырма) жыл күтуіміз керек?", - деді Серік Абас-шах.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!