Мемлекеттік тілге сұраныс артты: ал қазақ тілді курстардың сапасы мардымсыз

Мемлекеттік тілге сұраныс артты: ал қазақ тілді курстардың сапасы мардымсыз
Фото: depositphotos.com

SIL International ұйымының әлем тілдері бойынша ең танымал Ethnologue: Languages of the World анықтама жобасы қазақ тілінің қолдану аясына қатысты жаңа деректер жариялады. Онда қазақ тілін үйренуге ниеттілер мен қазақ тілін тұтынушылар саны елімізде артқаны айтылған. Ал елімізде қазақ тілін үйренушілерге арналған курстар жайлы не белгілі? Massaget.kz анықтады.

Мемлекеттік тіл үшін мемлекеттің берері

Елімізде қазақ тілін үйренушілерге арналған бірнеше мемлекеттік жобалар, орталықтар қарастырылған. Мәселен, қазақ тілінің жан-жақты қолданысын дамытуға бағытталған "Тіл қазына" ұлттық орталығы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл орталық қазақ тілін үйретуге арналған түрлі әдістемелік құралдар мен курстар, жобалар ұсынады. Орталықтың қазақ тіліндегі жаңалықтар мен мақалаларға арналған «Тіл әлемі» порталы, қазақ терминологиясын жүйелеудің жаңа талаптарын жүзеге асыруды көздейтін termincom.kz, tilqural атты интерактивті тіл үйрену курсы, Sozdіkqor.kz, Tilmedia сынды бірнеше бастамалары бар.

Жалпы алғанда Республикада қазақ тілін үйретуге арналған 111 мемлекеттік орталық (негізгі орталықтар – 84, филиалдар – 27) жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарды қазақ тіліне оқыту тегін жүргізіледі. Орталықтардың тізімімен сілтеме бойынша танысуға болады.

Ал қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді.

Қазақ тілін үйренемін деушілерге мемлекет тарапынан тегін спикинг клубтарын ұсынатын "Менің тілім – менің елім" жобасы да қарастырылған. Аталмыш партиялық жоба 2023 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылды. Жоба аясында ашылған үйірмелер бүгінгі таңда еліміздің 12 аймағында (Астана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары) тұрақты негізде «Сөйле» тілдесу клубтары жұмыс жасайды. Жобаның барысы жайлы "Жастар Рухы" Жастар қанатының Жастар жобалары және аналитика басқармасының бас сарапшысы, жоба үйлестірушісі Сымбат Исмайлбектен сұрап білдік:

"Жобаның мақсаты – қоғам арасында тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастарды қазақ тілін үйренуге шақыру және оның әлеуетін арттыруды насихаттау. Сабақтар тегін негізде, аптасына – 2 рет 1,5-2 сағаттан өтеді. Сабақтардан бөлек, қатысушылар ұлтымыздың мәдениетімен, дәстүр-салтымен жақынырақ танысу мақсатында тұрақты түрде театр, музейге барып, рухани кештер ұйымдастырады. Мәселен, бүгінге дейін 2500-ден астам қатысып, 1200-ден астам қатысушы тілдесу курсын аяқтады. Ал тілді үйрету методикасы жайлы айтар болсам, біздің клубтарда көбіне практикаға басымдық беріледі. Аты айтып тұрғандай, қатысушылар жағдаяттық мысалдар негізінде сабақ өтеді. Одан бөлек, сөз таптары, жалғаулар, септіктер және т.б. қазақ тілінің базасын үйреніп, күнделікті өмірде еркін сөйлеуге машықтанады", – деді ол.

"Сапа жоқ, нәтиже жоқ, қалай болса солай!"

Мемлекет ұсынған тіл үйрететін жобалардың жұмысына мәдениеттанушы-лингвист, саяси ағартушы технолог, PhD доктор Абылайхан Қалназаров баға берді. 

"Мемлекет дайындаған жобалардың барлығы осы кезге дейін тиімсіздігін көрсетті. Себебі олардың денін практик емес адамдар жасады. Іс-мәнісін білмейтін адамдар басқарды. Біріншіден, жобаны атқарған кадрлардың сапасына сын айтар едім. Көбі тіл үйрету саласында тәжірибесі жоқ, әйтеуір әкімдіктің көлеңкесінде жүріп, мемлекеттік жобалардың басшылығына ауысып алған адамдар. Жалпы осы бағытта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік жобалардың жұмысына "үш" деген баға берер едім. Сапа жоқ, нәтиже жоқ, қалай болса солай! Әйтеуір мектептегі бала сабақ оқымады деген ат қылмасын деп, бірнәрсені қойыртпақтап келетін еді ғой. Сол секілді бұлар да өз жұмыстарын солай атқарып отыр. Әрине, мен бұлай сөйлеуге хақым да жоқ шығар. Десе де, осы саланы ішінара білетін маман ретінде айтарым осы" – деді ол.

Сондай-ақ ол мемлекет методикасын да сынға алды.

"Методика – ыңғайсыз. Мәселен, мен өзім қазақ тілінен тапсыратын тестен өтіп көрдім. Өте таңғалдым. Тестердің өзін орысшадан қазақшаға аудара салғандай көрінді. Түсінуге теріс, өте ауыр келетін тестер. Бір оқыған адам қазақша ойлайтын адам жасап шықпағанын біліп тұрады. Шетелдік методикалардан көшіріп, соны өңдеп, аздап жергілікті калоритке адаптациялағандай әсер береді. Ол методикалар жұмыс істеуі үшін біріншіден оны қазақ тілін жетік білетін, қазақша ойлайтын, шет тілдерінің шалығына ұшырамаған адам әзірлеуі керек деп ойлаймын. Болмаса, жеке орталықтардың практиктерінен сұраған жөн. Приоритетті дұрыс қою керек. Қазақ тілін үйретуде шетелдіктерге емес, өзіміздің қазақстандықтарға үйрету актуалды. Алдымен отандастарымызды қазақша сөйлетіп алсақ, оның өзі олжа болайын деп тұр" – деп қосты ол.

Жеке оқыту курстарының жай-күйі

Сондай-ақ қазақ тіліне қызығушылар мен үйренуге ниеттілер саны көбейгенін тіл үйретуге арналған жеке курстардың санының артуынан байқауға болады. Зерттеу барысында желіден іздестірілген жеке курстардың саны 20-дан асты. Әр курстардың оқыту методикасы, нарықтағы тәжірибесі сан түрлі. Жеке орталықтардың мемлекет ұсынған жобалардан ерекшелігі туралы білу мақсатында нарықта 4 жылдан астам уақыт жұмыс атқарып, 5 мыңнан аса қазақ тілін білетін азамат шығарған Qazline тіл үйрету орталығының негізін қалаушы, филолог Динара Еселбаевадан осы турасында сұрап көрдік. Қызығы, ол алғашында өзінің онлайн курсын қарызға алған 100 мың теңгесіне ашқанын айтты:

"Еңбек жолымды қазақ тілі курстарында мұғалім болудан бастадым. Білім алушыларымның сұранысына қарай өзіндік үйрету методикасын ойлап шығардым. Кейін декреттік демалысқа шыққаннан кейін жұмыс берушіге қайта оралмай, қазақ тіліндегі жеке онлайн мектебімді аштым. Сосын 4 жылдан кейін Алматыда офлайн мектебімді аштым. Мендегі ерекшелік – үйрету методикасында. Желіде тараған түрлі шетелдік эксперттердің тіл үйрету, тіл үйрену әдістерін жиі қадағалайтынмын. Солардың әдіс-тәсілдерін біздің елде бірінші болып байқап көргім келді", – дейді ол.

Аталмыш идеяның өтімділігі туралы ол сұраныстың артқанынан және нәтижеге қол жеткізген білім алушылардың кері байланысынан байқағанын қоса кетті.

"Курстың ерекшелігі – күнделікті қолданыстағы сөздерді үйренуден басталғаны еді. Біз әуелі сөйлеу тілін, яғни ауызекі тілді үйретеміз. Бізге күнделікті өмірде не керек? Дүкенге, дәріханаға, көкөніс базарына барғанда қажетті диалогтарды үйретуден бастадым. Бұл бірден нәтиже берді. Білім алушылар да қызыға оқи бастады. Десе де, грамматикаға да көңіл бөлеміз , – деді Динара Еселбаева.

Сонымен қатар ол курсқа жүгінетін адамдардың жас ерекшелігі жайлы айтты.

Қазақ тілін үйренуге түрлі жастағы адамдар ниетті: ата-аналар балаларының қазақ тілін жетік меңгеруі үшін курстарға бар күш-жігерін, уақытын, ақшасын аямайды. Сондай-ақ ана тілін қайта үйренгісі келетін 45 жастан асқан ересек қазақ азаматтары да бар. 28-40 жас аралығындағы әртүрлі ұлт өкілдері, қазақ, украин, орыс, неміс жастарының көпшілігі қазақ тілін меңгеріп, қазіргі Қазақстанда қазақ тілін жетік меңгеру қажеттігін анық түсінеді” – дейді Qazline курсының негізін қалаушысы.

"Пират мұғалімдер" және жеке курстардың жетістігі

Тіл маманы Абылайхан Қалназаров жеке оқыту курстарының кемшін тұстары бар екенін атап, олқылықтарына тоқталды.

"Қазақ тілін білемін ғой деп тіл үйретіп жүрген жандар да бар. Сапасыз нәрсе ұсынғандар қазақ тілін үйренуге деген ықыласты адамдардың көңілін басады. Неге десек, олар уақытын, қаражатын осы дүниеге жұмсап отырғандықтан, "ақша тапсам болды" деген мұғалімге жолығып қалатын болса, ысырап еткендік болар еді. Нәтиже болмаған соң, қолын бір сілтеп, қояды. Осы саланың маманы болмаса да, әйтеуір құр жүрмейін деп тіл үйретіп жүргендерді мен "пират мұғалімдер" деп атайтын едім. Олар шын үйренушілерді ұрлап алып, нәтиже бермейді. Сондайлардың кесірінен ниеттері басылып қалады" – дейді ол.

Сонымен қоса ол мемлекеттік жобалардан гөрі, жеке оқыту курстарының көп нәтиже беріп отырғанын алға тартты.

"Мемлекеттік жобалардан гөрі, жеке орталықтар көбірек нәтиже берді. Тіл үйретуге, қазақтануға көбірек үлес қосты. "Өзім дегенде, өгіздей қара күшім бар" деп, олар ақша тауып отырғандықтан нәтижеге жұмыс істейді. Ал мемлекеттік жобаларды өзінің не істеп отырғанын білмейтін басшы мен не істеп отырғанын білмейтін маман жүргізетіндіктен, оның үстіне кетіп жатқан шығынның бәрі мемлекет тарапынан болғандықтан селқос болады деп ойлаймын. Нәтижеге мүдделі емес. Жеке орталықтар қанша дегенмен ақша төленгендіктен клиенттің сұранысын қанағаттандыруы керек. Қазіргі тілге қатысты мемлекеттік органдарды жартылай мемлекеттік етіп немесе мүлдем жекеменшікке шығарып жіберу керек деп есептеймін. Өйткені мемлекет тарапынан жасалған не нәрсе болмасын, ол доғал жасалады. Яки, аталмыш жобалардың тетіктерін тәжірибелі мамандарға беру қажет" – деп қосты маман. 

"Ана тілге шорқақ алматылықтар"

Қазақ тілін үйренушілердің жас ерекшелігі, қызығушылығы, оқу кезіндегі қызықтары жайлы жеке оқытушы ретінде бірнеше жылдық тәжірибесі бар тіл маманы, филология ғылымдарының магистрі Әлия Ержанқызы былайша пікір айтты.

"Тілді үйренуге қызығатын адамдардың дені үлкен кісілер. 25 тен асқан өзге ұлт өкілдері немесе қазақтар тілді үйрене бастайды. Кішкентай балалардың көбінде қызығушылық жоқ, ата-аналарының  айтуымен, солардың ықпалымен ғана немесе НИШ, БИЛ сияқты мектептерге тест тапсыруға дайындалуда және былтырдан бастап бәріне міндеттелген қазақ тілінен емтиханға дайындалу кезінде көбі курстарға келіп, жазылып жатады.  Қазақ тілін үйренетін үлкен оқушылар арасында әртүрлі мамандық иелері де бар. Менің тәжірибемде 65 жасқа дейінгі орыс ұлтының өкілдері болған. Әрине, 60 жастағы оқушылармен жұмыс жасау мұғалімге қиынға соғады, дегенмен ол кісілерде ниеттің болғанының өзі көңіл қуантады. Өз тәжірибемде қазақ тілі деңгейі нашар  адамдардың көбі Алматының жергілікті тұрғындары болып келді, ата-анасы орысша сөйлеген, саяси-қоғамдық, әлеуметтік жағдайларына байланысты қазақ тілінде сөйлеуге мүлде мұқтаж болмаған тұлғалардың дені 30 дан асқан соң тілді үйренуге тырыса бастайды. Алматыда тұратын орыс, кәріс, ұйғыр, неміс ұлтының өкілдерінде де тілді үйренуге сұраныс бар", – деп атап өтті ол.

"Тілді дұрыс насихаттау қажет"

Ал олардың "тіл үйренемін" деген ниетіне маман өз реакциясының «қалыпты» болғанын жеткізді.

"Жасы біршамаға келсе де, ана тілін енді үйренуге кіріскен азаматтардың ниетін жақсы қабылдадым. Бірақ бәрібір де іште ой болады, кейін студенттің өзінен де сұрайтынмын: "Неге сонша жыл Қазақстанда тұрып, қазақша білмейсіз?" деп. Әртүрлі жауаптар алатынмын: 1) отбасымда ешкім сөйлемеді; 2) мектепте өте нашар жүргізілетін; 3) қажеттілік болмады деген сияқты. Ең қызығы, көбі кішкентай кездерінде қазақша жақсы сөйлегендерін айтады, өсе келе орыс мектепке барған соң, бәрін ұмытып қалған. Көбінде база бар, бірақ тілдік барьер де бар, сөйлеуге көбінде ұялады. Жалғауларды дұрыс айтпай қаламын деп ұялады. Себебі қоғам тарапынан мазақтау, күлу сияқты әрекеттерді көрген. Бізде мынадай бір жағдай болған: бір қазақ студент онлайн сабаққа қатысып жүрді, сосын біз сөз арасында қайда тұратынын сұрадық. Біздің курстың тура жанында тұрады екен, біз оны офлайн шақырып едік, бірден бас тартты. "Барып оқуға ұяламын, айтады ғой, жасы қырықта, өзі қазақ, курсқа келіп жүр" деп, келмей қойды. Сол кезде таңғалдым. Олар қоғамда көп қиындыққа ұшыраған секілді. "Неге біздің қазақтар қазақша сөйлей алмаған адамды "мәңгүрт", тағы бірдеңе деп түсіре береді деп" ойладым. Автобустарда да бір кондуктор бір кішкентай бала қазақша жеткізе алмағаны үшін, сонша ұрсып, аузына келгенін айтып кеткенін көзім көрді. Тілді мұндай жолдармен тарату дұрыс емес секілді, адекватты түрде түсіндіру, насихаттау  дұрыс дегенді өз басым қолдаймын", – дейді Әлия Ержанқызы.

Тіл маманы қазақ тілін үйрету методикасы ағылшын тілін үйретуден кейін қалып бара жатқанын айтты.

"Қазақ тілін оқыту әдістемесі ағылшын тілі методикасымен салыстырғанда кейін қалып келеді. Дегенмен бұл әдістеме жоқ дегенді көрсетпейді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап қазақ тілін орыс аудиториясында оқыту турасында әдістемелік құралдар жарық көріп отырған. Әлі де мықты әдіскер ғалымдар бар. Дегенмен әлі жүйесіздікті байқаймыз. Қазақ тілін оқытуда, жалпы кез келген екінші тілді үйренуде тілдік орта (языковая среда) болғаны өте жақсы. Сол тілде сөйлейтін бір досы, туысы, әріптесі болса ол да күшті. Мен оқытқанда студенттің жас ерекшелігі, қазақ тілінен базовый біліміне басты назар аударамын. Көп жағдайда орыс, ағылшын тілдерімен салыстыра отырып, (ыңғайы келгенше) үйреткен абзал. Өйткені олар өз тілінде ойлап, сосын аударады ғой. Қазақ тілі ең қиын тіл емес. Әрқашан да үйренуге мүмкіндік бар. Кез келген адам базалық деңгейді үйрене алады. Бастысы – ниет болса болды", – дейді маман.

Дина ЛИТПИН

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz