Ашықтық пен сындарлы диалог – Қазақстандағы коммуникацияның негізгі қағидалары. Бұл мемлекеттің заңнамасында да бекітілген мәселе және оны жетілдіру жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі меморгандарда ақпаратқа жауап беретін бөлім не өкіл болатынын хабарлады.
Министр Аида Балаеваның айтуынша, ведомство ақпараттың қолжетімділігі туралы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазір Мәжілісте ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі уәкілетті органды айқындауды көздейтін түзетулер бар. Егер бұл түзетулер күшіне енсе, жұмысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз бақылауына алмақ.
"Әрбір мемлекеттік органда осы салаға жауапты уәкілетті бөлім ашылады не уәкілетті өкіл болады. Ең бастысы, Президенттің атына жолданатын ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша жыл сайынғы баяндама барлық проблемалық мәселе мен кемшілікті көрсетуге мүмкіндік береді", – дейді министрлік басшысы.
Министрдің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі уәкілетті орган ретінде барлық мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыстың жүйелі және үздіксіз болуына ықпал етеді.
"Мәслихаттың отырысына қатысуға байланысты мәселені жақсы білемін және өзім жауап беруге дайынмын. Бұл аспектіде, әрине, бұған жол беруге болмайды, оның үстіне қазір уақыт ашықтық пен сындарлы диалогты талап етеді. БАҚ туралы Заңға сәйкес, баспасөз хатшылары тек мемлекеттік органдарда тағайындалады, сондықтан мәслихаттарда олар қарастырылмаған. Заңнамалық шаралар мен нақты бақылау мұндай мәселелердің болмауын қамтамасыз етеді", – деді Аида Балаева.