- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Мемлекеттік наградаларды сатуға...
“Мемлекеттік наградаларды сатуға болмайды“. Министрлік Маргарет Тэтчердің орденіне қатысты пікір білдірді
Әділет министрі Азамат Есқараев Маргарет Тэтчерге берілген "Достық" орденінің саудаға түсуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында желіде британдық саясаткер Маргарет Тэтчерге тиесілі "Достық" орденінің сатылып жатқанына қатысты ақпарат тараған болатын.
Әділет министрі М.Нәрікбаев атындағы университетте тілшілерге берген сұхбатында бұл мәселеге де тоқталып өтті.
"Бұл ақпараттан хабардармыз. Әрине, біздің заңнама бойынша мемлекеттік наградаларды сатуға болмайды. Бұл үшін біздің Қылмыстық кодексте жауапкершілік бар. Егер адам мемлекеттік наградаларды саудаласа, тиісті жауапкершілікке тартылады. Маргарет Тэтчер тарихи тұлға болғандықтан, олардың жеке заттарын, құжаттары мен хаббарын аукционға шығару тәжірибесі бар. Бұл олардың мәдениетінің бір бөлігі", - деді министр.
Министр бұл мәселе бойынша тексеру жүргізу, жауапқа тарту сияқты шараларға Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет министрлігі жауапты екенін айтты.
Айта кетейік, "Достық" ордені 1995 жылы жоғары деңгейдегі халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында құрылды. Қазақстанда осы орденмен қоғамдағы өзара келісімді сақтау жөніндегі жемісті жұмысы, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталады.
Маргарет Тэтчер осы орденмен марапатталған жетінші адам болды. Бұл орденді сондай-ақ АҚШ президентіне бұрынғы кандидат Хиллари Клинтон, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун және Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю алды.
Маргарет Тэтчер - британдық саясаткер, 1979 жылдан 1990 жылға дейін Ұлыбританияның премьер-министрі және Консервативті партияның жетекшісі. Ол елдегі премьер-министр ретіндегі алғашқы әйел болды және экономикаға Үкіметтің араласуын азайтуға, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге және нарықтық тетіктерді күшейтуге бағытталған қатаң экономикалық саясатымен танымал. Тэтчер саясаттағы және халықаралық істердегі қайсар ұстанымы үшін "Темір ханым" деген лақап атқа ие болды. Оның билігі экономикалық жетістіктермен де, әлеуметтік қақтығыстармен де қатар жүрді. Саясаткер 2013 жылдың сәуірінде қайтыс болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Ибраева