Бүгінде мемлекеттік қызметке талдау жүргізу барысында бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерде артық басшылар көп екені анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Былтыр 4 салада ауқымды талдау жүргізілді. Олар – сауда және интеграция, қаржы, ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар. Нәтижесінде біз 70-тен аса функцияны бөлу керегін көріп отырмыз. Мысалы, әкімдіктер мен әкімдерді төмен тұрған деңгейге қатысты. Сондай-ақ 50-ден аса мемлекеттік қызмет бойынша ақпарат алмасу үшін қажет ақпараттық жүйелерді интеграциялау және тағы басқа", - деді Салауат Мүксімов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелерде артық басшы көп.
"Бюрократияның бірінші белгісі – басқару құрылымы мен штат санының жеткіліксіздігі және артық болуы. Бұл – көбінесе мемлекеттік органдарда басшы лауазымдар санының артық болу фактісі. Ол басшы құрамға жүктемені азайтуға, басқарудың тиімділігі мен жеделдігін төмендетуге, жауапкершіліктен жалтаруға, қаржылық мүмкіндікті азайтып, қызметкерлерді ынталандыруға мүмкіндік бермейді.
Мысалы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінде орталық аппаратының штат саны – 122 бірлік, оның ішінде 61 лауазымды басшы және сонша орындаушы бар, яғни басқарушы және орындаушы буынның арақатынасы бірге бір болып тұр. Сондай-ақ осы министрліктің құрылымында жеке департамент бар. Онда басқарушы және орындаушы буынның арақатынасы 4-тен 1-ге тең. Демек, 4 басшы және 1 орындаушы бар деген сөз. Нақты айтсақ, біз директор, директордың орынбасары, екі бөлім басшысы және бір бас сарапшы туралы айтып отырмыз", - деді төрағаның орынбасары.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз