Мемлекеттік қызметкерлер Aitu мессенджерін күнделікті пайдаланып, қызметтік ақпаратты тек осы платформа арқылы жолдауы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Aitu – жай ғана мессенджер емес. Біз ұлттық экожүйе құрып, бұл жұмысты белсенді жүргізуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күнделікті пайдалануға тиіс. Қызметтік ақпарат тек осы ұлттық мессенджер арқылы жіберілуі қажет. Мұны бақылауда ұстау керек», – деді Үкімет басшысы.
Ол платформаны дамыту жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Aitu-да 7 миллионға жуық адам тіркелген
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазір Aitu мессенджерінде 7 миллионға жуық пайдаланушы тіркелген. Платформаны күн сайын шамамен 350 мың адам қолданады.
Мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы күнделікті жұмыс барысында Aitu Workspace платформасын пайдаланып келеді.
Мессенджер арқылы 55 мемлекеттік қызмет қолжетімді болады
Қазір Aitu платформасында eGov GPT қызметі жұмыс істейді. Жыл соңына дейін мессенджер арқылы 55 мемлекеттік қызметке қол жеткізу жоспарланған.
Ал болашақта eGov жүйесіндегі мемлекеттік қызметтердің 75-80 пайызын Aitu платформасына қосу көзделіп отыр.
Aitu туралы не белгілі?
Aitu мессенджері Қазақстанда 2018 жылы хат алмасуға және қоңырау шалуға арналған қосымша ретінде іске қосылды. Пандемия кезінде платформа Ashyq жүйесімен бірлесіп жұмыс істеді.
2025 жылғы тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке дербес деректерді қамтитын коммуникацияларды қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауды тапсырған еді. Кейін Aitu мемлекеттік органдар арасындағы байланыстың негізгі платформасы ретінде таңдалды.
2026 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы Үкіметтің Aitu-ды ілгерілету жұмысын баяулатып алғанын, мессенджерді мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен қолдану мәселесі де назардан тыс қалғанын айтқан болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай