- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттік қызметке конкурстан...
Мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындаулар саны 25 есеге азайды
Орталық коммуникациялар қызметінде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың қатысуымен, «Ұлт жоспарының «Мемлекеттік кәсіби аппаратты қалыптастыру» атты І бағытын іске асыру туралы» баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-нің порталы хабарлады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған бес институционалдық реформаның бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Қазақстан Әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі мейлінше өзекті екені айқын.
Брифинг барысында, Айгүл Шайымова Ұлт жоспарының мемлекеттік қызметтің модернизациясына қатысты 11 және 15 қадамдары орындалғанын тілге тиек етті. Атап айтсақ, биылдан бастап Қазақстанда меритократия қағидаларымен ашық конкурс арқылы іріктеу негізінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істей бастады. Қазір мемлекеттік қызметшілер жоғары лауазымға тек конкурс арқылы өте алады, оған қоса төменгі санаттағы қызметте жұмыс өтілінің бар болуы шарт. Осындай механизм арқылы биыл 3 мыңнан астам қызметкерлер қызметке тұрды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық.
«Мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң күшіне енгелі конкурстан тыс тағайындаулар мен ауысулар саны 25 есеге (5300-ден 226-ға дейін) азайды. Биыл заңнаманы білу деңгейін анықтайтын тест сынағын 38 мыңға жуық адам тапсырып, оның 46%-ы сынақтан сүрінбей өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12%-ға (2015 ж-33,6 %) жоғары. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметтің бастапқы санаттарына 5 215 азамат қабылданды (орталық мемлекеттік органдарда – 1984, жергілікті атқарушы органдарда – 3 231). Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметке әртүрлі саладан 1 392 адам қабылданды. Олар іріктеудің үш сатылы жүйесінен өтті. Өткен тоғыз айдың ішінде мемлекеттік органдарда 2 273 адам сынақ мерзімінен сүрінбей өтті. Мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға өткізілген байқаулардың 75% немесе 14 мыңы биыл тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуымен өтті. Бір жарым мыңға жуық бизнес өкілдері жыл басынан бері мемлекеттік қызметке ауысты. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламалары бұдан былай тәжірибелік пәндерге негізделетін болады»,-дейді Айгүл Шайымова.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі түсіндіру шараларын кеңінен қолға алмақшы. Ол үшін ведомствода арнайы баспасөз орталығы ашылды. Онда журналистерге, азаматтық қоғам өкілдеріне барлық түсініктемелер беріліп отырады.
T. Кіршібаев