Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Жайылғанова 55 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен Анар Нұралықызының өмірден өткеніне сене алмадым. Ол өмірде өте ақкөңіл, ашық, шыншыл адам еді. Мен Анар Нұралықызының қол астында жұмыс істедім. 2020 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі баспасөз қызметінің жетекшісі болып жұмыс істей бастадым. Ол өте білікті, білімді басшы еді. Оның көп жақсы ісі есімде. Ол қайырымдылықпен де айналысқан, бірақ бұл туралы ешкімге айтпайтын. Ауыр қайғы. Обасы мен жақындарына көңіл айтамын!", - деді Анар Жайылғанованың бұрынғы әріптесі Ерхан Тәткен.
Анар Жайылғанова 1969 жылы 10 шілдеде Семейде дүниеге келген.
Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы қызметіне дейін Мәжіліс депутаты – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.
Жайылғанова әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің түлегі. Көп жыл бойы сот жүйесінде қызмет етті. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында кеңесші болып бастады. Содан кейін ол судья болып жұмыс істеді.
1999 жылы Әділет министрлігінің Сот жүйесін талдау және жетілдіру департаменті бастығының орынбасары, кейін осы басқарманы басқарды. Ол Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға сарапшысы қызметін де атқарған.
2000 жылы Анар Жайылғанова Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды. Төрт жылдан кейін ол Жоғарғы соттың судьясы болды.
2008-2018 жылдары - Конституциялық кеңестің мүшесі.
2018-2019 жылдары – Мәжіліс депутаты – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.
2019 жылғы маусымнан 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!